
АШҒАБАТ, 2020 жылғы 30 қараша – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесінің қарсаңында Қазақстан Елшісі Еркебұлан Сәпиев Түрікменстандағы қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесті.
Е.Сәпиев Түрікменстанда тұратын барлық қандастарымызға келе жатқан мерекеге орай құттықтау жолдады. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы, халықаралық аренада еліміздің беделін нығайту мен ілгерілету ісіндегі Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың рөлін атап өтіп, Елші Елбасының шетелдегі қандастарымызды қолдауға зор мән беретіндігін, диаспораларға әрдайым мол көңіл бөлетіндігін баса айтты.
Өз кезегінде, жиын қатысушылары Тұңғыш Президент күні қарсаңында Қазақстан халқына өздерінің құттықтаулары мен ізгі тілектерін жеткізді. Диаспора өкілдері барлық қазақстандықтарға ерекше сыйлық – маймен салынған Елбасының портретін сыйлады. Елшілікке ұсынылған бейнежұмыс Түркіменстанның қазақ диаспорасы атынан Қазақстанға жіберіледі.
Кездесу соңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайтын «Көшбасшы жолы» көркем фильмінің ұжымдық көрсетілімі өтті.