
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
Түркияның аумағында еліміздің көрнекті ұлт қайраткерлері мен ақын-жазушылары Абай Құнанбайұлы, Абылай хан, Сүйінбай Аронұлы, Жамбыл Жабаев, Мағжан Жұмабаев, Ыстанбұлдағы саябақта Қабанбай батырдың құрметіне ескерткіштер, ал Анкарада Қазақстанның Тұңғыш Президентіне арналған монумент орнатылған.
Ыстанбұлда 2003 жылы ашылған Абай атындағы Орта мектеп жұмыс жасауда. 2020 жылы Эрзурум қаласында Фараби атындағы бастауыш мектеп және Муш қаласында Әл-Фараби атындағы Имам хатип орта мектебі ашылды.
Қазақстан Жазушылар одағы мен Түркия Еуразия Жазушылар одағы арасындағы қатынастар қарқынды дамуда. Осы уақытқа дейін түрік тарапының қолдауымен 100-ден астам қазақстандық ақын-жазушылардың шығармалары түрік тіліне аударылды.
Түркия мен Қазақстан арасында білім саласындағы ынтымақтастық жемісті дамуда. Түркия университеттерін 2500-ге жуық қазақстандық студент тәмамдап, қазіргі таңда екі елдің дамуына өз үлестерін қосуда. ТР Жоғары білім беру кеңесінің мәліметтеріне сәйкес, 2022-2023 оқу жж. Түркияның жоғары оқу орындарында 8219 қазақстандық студент білім алуда.
Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы келісім шеңберінде Түркістан қаласында құрылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті белсенді қызмет атқаруда. Бұл университеттің филиалдары Алматы, Шымкент және Кентау қалаларында жұмыс істейді.
Мәдениет саласындағы байланыстардың дамуының тағы бір дәлелі ретінде Анкара-Астана, Алматы-Ыстамбұл, Анталия-Талдықорған Павлодар - Кайсери, Ақтау-Самсун, Шымкент-Измир сияқты екі елдің туыстас қалаларының саны жылдан жылға өсуде.