GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Екіжақты ынтымақтастық
Елшілік туралы
Консулдық мәселелер
Все материалы
05 августа 2026
Қазақстан мен Түркия дінаралық диалогты дамыту мәселелерін талқылады

Анкара, 2026 жылғы 4 тамыз – Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев Түркияның Дін істері басқармасының басшысы Сафи Арпагушпен кездесті.

Кездесуде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, «Астана 2025 – Бейбітшілік декларациясына» ерекше назар аударылды.

Е.Сәпиев 2026 жылғы 7 қазанда Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің маңыздылығына тоқталып, С.Арпагуштың атаулы жиынға қатысатынына сенім білдірді.

С.Арпагуш Съезд Хатшылығының жұмысын жоғары бағалап, екі елдің діни ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.  

04 августа 2026
Шетелдік білім алуына байланысты елден тыс жерге шығатын және шетелде жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруы туралы

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ (бұдан әрі – Қор) Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының (бұдан әрі – МӘМС туралы Заң) талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ шетелдік білім беру ұйымдарында білім алуына байланысты елден тыс жерге шығатын және шетелде жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (бұдан әрі – МӘМС) жарналары бойынша берешегінің қалыптасуына жол бермеу мақсатында төмендегіні хабарлайды.

МӘМС туралы Заңның 26-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес «орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар» үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарды мемлекет төлейді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-333/2020 бұйрығымен бекітілген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және медициналық көмек алуға құқық беру қағидаларының 48-тармағына сәйкес «шетелдік, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдардың» (бұдан әрі – студенттер) тізімі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ҒЖБМ) ақпараттық жүйесінен алынатын мәліметтер негізінде қалыптастырылады.

Осылайша, азаматтардың жеңілдікті санаттарының тізімін қалыптастыру Қордың құзыретіне кірмейді.

Қор сақтандырылған мәртебесін ақпараттық жүйеде уәкілетті мемлекеттік органдардан келіп түсетін жеңілдікті санаттағы азаматтар туралы мәліметтер негізінде автоматты түрде береді.

Сонымен қатар, тәжірибеде шетелдік білім беру ұйымдарында оқитын көптеген студенттердің ақпараттық жүйеде «студенттер» жеңілдікті санаты бойынша тіркелмейтіндігі байқалады. Соның салдарынан олар МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық көмек алу мүмкіндігінен айырылады.

Бұл ретте Қазақстан Республикасына келгеннен кейін аталған азаматтар шетелдік білім беру ұйымдарында оқитын студент ретінде тіркелу жөніндегі мемлекеттік қызметті алу үшін жүгінуге мәжбүр болады. Мемлекеттік қызметті көрсетудің белгіленген мерзімін ескере отырып (15 жұмыс күніне дейін) МӘМС жүйесінде медициналық көмекке қол жеткізу Қазақстан Республикасының аумағында болған кезеңде іс жүзінде мәліметтерді өзектендіру рәсімі аяқталғанға дейін кейінге қалдырылады.

Осыған байланысты, шетелдік жоғары оқу орнында білім алатын студент ретінде медициналық ұйымның анықтамасын қоса бере отырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық қызметтерге қол жеткізу үшін (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі көрсететін мемлекеттік қызмет болып табылады) электрондық үкіметтің egov.kz порталында алдын ала тіркелу мүмкіндігін хабарлаймыз. Студент Қазақстан Республикасына келген кезде сақтандырылған болуы үшін мұндай хабарлауды 1-курста оқып жүрген кезінде жүзеге асыру орынды деп санаймыз.

04 августа 2026
2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы туралы

Сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігі 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында дауыс беруді ұйымдастыру үшін Елшілік жанынан № 450 учаскелік сайлау комиссиясы құрылғаны туралы хабарлайды.

Учаскелік сайлау комиссиялары Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабының 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 1 шілдедегі № 1338 «2026 жылғы 23 тамызға Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын тағайындау туралы» Жарлығының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 1 шілдедегі № 26/41 «2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» қаулысының негізінде құрылады.

Осыған орай Анкара қаласында Елшілікте дауыс беруді жоспарлаушы Қазақстан Республикасы азаматтарын келесі сілтеме арқылы тіркелуді сұраймыз https://forms.gle/HuDAcb5Z2RCLAtcy6. 

26 апреля 2026
Alem.ai – Орталық Азиядағы жасанды интеллекттің жаңа орталығы

24 сәуірде Мемлекет басшысы Астанадағы Alem.ai орталығына барып, Цифрландыру және ЖИ жылы аясында бірқатар негізгі жобаларға бастау берді.

«Alem.ai» (http://Alem.ai/) – сегіз қабатта орналасқан толыққанды экожүйе, мұнда білім беру, ғылым, кәсіпкерлік пен мемлекеттік басқару біріктірілген. Мұнда барлық ниет білдірушілерге арналған ашық кеңістік, жасөспірімдерге арналған креативті технологиялар орталығы, ЖИ мектебі, стартаптарға арналған кампус, зерттеу зертханалары және тіпті елді ақылды басқаруға арналған
«AI-Driven Government» ситуациялық орталығы бар.

Бұл Орталық «идеялар мен инновациялар фабрикасына» айналуы тиіс. «Alem.ai» жыл сайын 10 мың адамды оқытуға және 100-ге дейін ЖИ-стартапты іске қосуға есептелген. Мемлекет басшысы «alem.ai (http://alem.ai/) battle» ұлттық байқауының (байқау қазақстандық стартаптар арасында өткізілді) және мемлекеттік органдар арасындағы AI Governance Cup жарысының жеңімпаздарын марапаттады.

Орталықты құру – Президенттің дәйекті түрде жүзеге асырып отырған стратегиясының бір бөлігі: ЖИ дәуірі туралы Жолдаудан бастап, инфрақұрылым мен кадрлар бойынша нақты тапсырмаларға дейін. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасының арқасында Қазақстан Орталық Азиядағы технологиялық хаб ретінде позициясын нығайтып, цифрлық дәуірдегі жаһандық бәсекеге дайындалуда.

25 апреля 2026
Astana AI Film Festival: халықаралық байқауға өтінім қабылдау басталады

Қазақстанда жасанды интеллектті пайдалана отырып түсірілген фильмдерге арналған алғашқы халықаралық Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) кинофестивалі өтеді. Елордада өткен баспасөз конференциясында жобаның тұжырымдамасы мен өтінім қабылдау тәртібі таныстырылды.

         Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің негізгі оқиғасы жасанды интеллектпен әзірленген қысқаметражды фильмдердің халықаралық байқауы болмақ. Оған әлем елдерінің креаторлары тәжірибесіне де, кәсіби студиясының бар-жоғына да қарамастан қатыса алады.

         «Astana AI Film Festival креативті индустриядағы жыл сайынғы маңызды оқиғаға әрі жаңа форматтар мен жаңа есімдерге арналған тұрақты халықаралық алаңға айналады деп күтілуде. Бұл ретте қатысу барлық ниет білдірушілер үшін ашық: өтінімдер командалардан да, жеке креаторлардан да қабылданады», - деді фестиваль ұйымдастырушыларының бірі, Ozen компаниясының негізін қалаушы Айзатулла Хуссейн.

         Өтінім қабылдау 2026 жылдың мамыр айында басталады. Туындыны фестивальдің ресми сайты арқылы жолдауға болады.

         «Байқау шарттарына сәйкес, қатысушылар ұзақтығы 10 минутқа дейінгі қысқаметражды AI-фильм әзірлеп, оны жобаның сипаттамасымен бірге фестивальдің лендинг-платформасына жүктеуі тиіс. Өтінімдер мамыр айынан тамыз айының соңына дейін қабылданады», - деп атап өтті фестиваль ұйымдастырушысы, Brave Talents компаниясының жетекшісі Алмас Жали.

         Еске сала кетейік, Astana AI Film Festival 2026 жылдың күзінде өтеді. Фестиваль киноиндустрия мен AI-технологиялардың тоғысындағы жобаларға арналған алаңға айналып, авторлардың, digital-креаторлардың, технологиялық компания өкілдерінің, сарапшылар мен инвесторлардың басын қосады.

         Өз сегментіндегі ең ірі фестивальдердің біріне айналуды көздейтін жобаның жалпы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба демеушілік және серіктестік қаражат есебінен жүзеге асырылмақ.

         Фестиваль аясында көрсетілімдер, AI-контентке арналған конференция, сондай-ақ авторлар мен продюсерлерге арналған питч-сессиялар өткізу жоспарланған.

25 апреля 2026
«Сиверс алма ағашаның гүлденуі» фестивалі

Өтетін күні: 2 мамыр, 2026 жыл

Өтетін орны: Сарқан ауданы, Тополевка ауылы,

«Жоңғар-Алатау» МҰТП

2026 жылғы 2 мамырда Жетісу облысында көктемнің ең әсерлі табиғи оқиғаларының бірі – «Сиверс алма ағашының гүлденуі» фестивалі өтеді. Бұл – сирек кездесетін ерекше табиғи құбылысқа арналған маңызды шара.

Іс-шара «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында, Сарқан ауданы Тополевка ауылының көркем маңында ұйымдастырылады. Бұл орын кездейсоқ таңдалған жоқ: дәл осы жерде жер шарындағы Сиверс жабайы алмасының ең ірі тоғайлары орналасқан. Ол – жер бетіндегі барлық мәдени алма сорттарының арғы тегі. Ғалымдардың бағалауынша, осы бірегей алманың әлемдік табиғи қорының шамамен 48%-ы Жетісу өңірінде шоғырланған.

Жылына бір-ақ рет, көктемнің бірнеше аптасы ішінде тау беткейлері нәзік ақ және қызғылт гүлге оранып, алқаптарды нағыз көркем табиғи көрініске айналдырады. Осы кезеңде мыңдаған туристер, фотографтар мен саяхатшылар өңірге келіп, сирек табиғи құбылысты тамашалап, оның тарихымен танысып, фестиваль атмосферасын сезінеді.

Фестиваль туризм саласының өкілдерін, экологтарды, ғалымдарды, БАҚ өкілдерін, тревел-блогерлерді, қолөнершілерді, мәдениет қайраткерлерін, сондай-ақ студенттер мен табиғат сүйер қауымды біріктіреді. Бұл шара экотуризмді дамытуға, табиғи мұраны сақтауға және өңірді халықаралық деңгейде танытуға арналған алаң болмақ.

Іс-шара Қазақстанның республикалық іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген, бұл оның маңыздылығы мен туристік тартымдылығын айқындайды.

Биылғы фестиваль қонақтары үшін ерекше атмосфера ұсынылады. Хедлайнерлер –Bayansulu және Қуандық Рахым сахнаға шығып, гүлдеген таулар аясында жарқын концерттік бағдарлама ұсынады.

Фестиваль бағдарламасы:

  • Сиверс алмасының гүлдеген бау-бақшаларының панорамалық көріністері;
  • Plein air форматындағы суретшілер байқауы;
  • Мәдени іс-шаралар;
  • Ұлттық спорт ойындары;
  • Қолөнер көрмелері және шеберлік сабақтары;
  • Концерттік және ойын-сауық бағдарламалар.

«Сиверс алмасының гүлденуі» фестивалі – Қазақстанның ең әсем табиғи құбылыстарының бірін тамашалап, таулар мен таза ауа аясында өткізуге, ұлттық мәдениетпен жақынырақ танысуға және ұмытылмас әсер алуға мүмкіндік береді.

Жетісу сіздерді табиғаттың аңызына шақырады!

09 апреля 2026
Таразда халықаралық қолөнершілер фестивалі өтеді
2026 жылдың 23-24 сәуірінде Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер фестивалі ұйымдастырылады.
 
Ұлттық фестивальді өткізудегі негізгі мақсат – өңірдің туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу, сондай-ақ, кенже қалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтау және қайта жаңғырту.
 
Фестивальға шетелден (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан), көрші өңірлерден (Алматы, Түркістан) келетін және жергілікті 100-ден астам шебер қатысады.
 
Фестиваль аясында көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлау мақсатында «Тараз – қолөнершілер қаласы. Дәстүр мен заманауи қолөнер» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция, қолөнер бұйымдарының көрмесі мен шеберлік сағаттары, «Менің әлемім: қиял мен шынайылық» атты жас қолөнершілер мен суретшілердің  көрмесі өтеді.
 
Бұдан бөлек, сән мен дәстүрді тоғыстыратын «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығы, «Гиннес» рекордтар кітабына енген киіздің жанында «Dombyra Party» іс-шарасы, ұлттық нақыштағы киімдердің сән көрсетілімі және өнер жұлдыздарының гала-концерті ұйымдастырылады. 
 
Фестивальге қатысушы қонақтарға көрме бұйымдарын сатып алуға және Тараз қаласындағы тарихи-мәдени орындарға экскурсия жасауына толық мүмкіндік қарастырылған.
 
Бұл күндері Тараз ұлттық дәстүр мен шалқыма шабыттың тоғысқан ортақ мекеніне айналмақ.
04 апреля 2026
«Astana Eurasian Book Fair-2026»: елордада халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді

Елордадағы Президент орталығында 22-26 сәуір күндері «Astana Eurasian Book Fair-2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл – Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың бірі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Astana Eurasian Book Fair-2026» кітап көрме-жәрмеңкесін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырып отыр.

«Astana Eurasian Book Fair-2026» көрмесіне 80-ге жуық кітап шығару, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компания қатысады. Соның тең жартысы қазақстандық ұйымдар болса, Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания елдерінен 40 компания қатысқалы отыр.

«Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрме-жәрмеңкесі бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме аясында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі.

Атап айтқанда, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Түрік асханасы» кітабының, Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» айтыстар жинағының, Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасының, «Замандастар» сериясымен шыққан «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабының, Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомының, Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» фантастикалық шығармасының, Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» тарихи романының, Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке», испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары», Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды», Әзербайжан ақыны Рәсмия Сабирдің «Өлең-әйел», Байыт Қабанұлының «Моңғол-өлең» кітабының, Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы», сондай-ақ «Түркістан – мәңгілік әрі әрдайым жаңа» және «Димаш Құдайберген. Шексіз музыка» атты кітап-альбомдарының таныстырылымы өтеді деп жоспарланып отыр.

23 сәуірде Ұлттық кітап күні мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық «Ұлттық кітап» байқауының нәтижесі бойынша жеңімпаз баспаларды марапаттау рәсіміне арналған салтанатты шара өтеді.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімі 22 сәуір күні сағат 11:00-де өтеді. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысады.

02 апреля 2026
Түркияда білім алып жатқан белсенді қазақстандық студенттер зияткерлік додада бас қосты

Анкара, 2026 жылғы 1 сәуір – Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер арасында ұйымдастырылған «Birlik Cup» атты ауқымды студенттік дебат турнирі жоғары деңгейде өтті. Зияткерлік сайыс Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Ыстанбұл, Анталья және Измир қалаларындағы Бас консулдықтардың үйлестіруімен жүзеге асырылды.

Аталған бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту, білім мен ғылымды ілгерілету, сондай-ақ белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру бағыттарымен толық үндеседі. Турнир қазіргі заман талабына сай ойлай алатын, бәсекеге қабілетті жастар буынын қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Дебат турнирінің басты мақсаты – студенттердің сыни ойлау қабілетін жетілдіру, шешендік өнерін дамыту және пікірталас мәдениетін қалыптастырумен қатар, жастар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту болды. Қатысушылар өзекті қоғамдық және халықаралық тақырыптар аясында ой жарыстырып, жоғары деңгейдегі пікірталас мәдениетін көрсетті.

Зияткерлік додаға жалпы саны 12 фракция қатысып, үздіктер қатарына Ыстанбұл, Анкара, Карабюк және Ескішехир қалаларында білім алып жатқан қазақстандық студенттер кірді.

«Birlik Cup» турнирі Түркиядағы қазақстандық студенттердің қоғамдық белсенділігін арттыруға, олардың көшбасшылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ шетелдегі отандастар арасында бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан маңызды алаң ретінде өз орнын айқындады.

22 марта 2026
ШЫМКЕНТТЕ ӨТКЕН «DAMDASTOUR» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ НАУРЫЗДЫҢ ЖАРҚЫН ОҚИҒАСЫНА АЙНАЛДЫ

Шымкент қаласында Наурыз мерекесі аясында ұйымдастырылған «DamDastour» халықаралық гастрономиялық фестивалі өз мәресіне жетіп, мегаполистің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды. Қала орталығындағы Әл-Фараби алаңы бірнеше күн бойы әлемнің түрлі елдерінің асханасы тоғысқан бірегей халықаралық гастрономиялық кеңістік қызметін атқарды.

Фестивальдің басты ерекшелігі – оның халықаралық форматта өтуі. Іс-шараға әлемнің әр түкпірінен келген танымал аспаздар қатысып, өз елдерінің ұлттық тағамдарын ұсынып қана қоймай, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Бельгия, Швейцария, Франция, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген халықаралық байқаулардың жеңімпаздары көрермен назарына авторлық мәзірлерін ұсынды. Бұл фестивальдің мәртебесін арттырып, оны кәсіби гастрономиялық диалог алаңына айналдырды.

Фестиваль аясында өткен байқаулар жоғары деңгейдегі бәсекемен ерекшеленді. Қатысушылар ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи аспаздық технологияларды шебер ұштастыра білді. Қазылар алқасының шешімімен «Ең жақсы палау» аталымы Grand Golden Hills мейрамханасына, «Ең дәмді самса» номинациясы Qazaq Samsa мейрамханасына берілді. Ал «Ең үздік ұлттық тағам» аталымында «Понтос» мейрамханасы жеңімпаз атанды. «Камал ата» кафесі белсенді қатысқаны үшін арнайы марапатқа ие болды.

Халықаралық мазмұн жергілікті рестораторлардың белсенділігімен үйлесім тапты. Фестивальге қаладағы 50-ге жуық мейрамхана қатысып, келушілерге ұлттық және әлемдік асхананың кең таңдауын ұсынды. Қонақтар қазақтың дәстүрлі тағамдарынан бастап, еуропалық және азиялық ас мәзірлерін тамашалап, дәм тату мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, Наурыз мерекесінің басты тағамы – наурыз көженің бірнеше түрі ұсынылып, мерекелік дастарханның ажарын аша түсті.

Іс-шараның халықаралық сипаты мәдени бағдарламадан да айқын көрініс тапты. Бір сахнада түрлі мәдени бағыттар мен заманауи трендтер тоғысып, street style және K-pop би сайыстары, ұлттық домбыра өнері, батырлар шоуы, цирк қойылымдары көрермендерге ұсынылды. Сонымен қатар, мотошеру мен автошоу, қолөнершілер жәрмеңкесі және арнайы тақырыптық аймақтар фестиваль мазмұнын байытып, оны көпқырлы мәдени алаңға айналдырды.

Осылайша, «DamDastour» халықаралық гастрономиялық фестивалі Шымкент қаласының халықаралық деңгейдегі мәдени және гастрономиялық орталық ретіндегі әлеуетін айқын көрсетті. Түрлі халықтардың асханасы мен дәстүрін тоғыстырған бұл ауқымды шара Наурыз мейрамының рухын заманауи форматта жаңғыртып, қала өміріндегі маңызды әрі жарқын оқиғалардың бірі ретінде жоғары бағаланды.

Социальные сети
KzEmbassyTr
KzEmbassyTr
KzEmbassyTr
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары