
11-12 тамызда Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркия Республикасында жұмыс сапарымен болды. Сапар бағдарламасы Түркия Республикасының Ауыл және орман шаруашылығы министрі Ибрагим Юмаклымен, сондай-ақ Анкара, Ыстанбұл және Конья қалаларындағы бизнес және ғылыми, салалық қауымдастықтар өкілдерімен және әлеуетті инвесторлармен кездесулерден тұрды.
Екі елдің министрлері Сапаров пен Юмаклы кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының тұрақты дамуын атап өтті: 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымының көлемі 13%-ға өсті. Сонымен қатар, тараптар 2024 жылдың маусымында Түркияның мал шаруашылығы өнімдеріне қатысты алып тастаған шектеулерін ескере отырып, осы елге ет өнімдерінің экспортын ұлғайту мүмкіндіктерін талқылады.
Сондай-ақ сапар барысында қазақстандық делегация түрік бизнесінің өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, Ыстанбұл, Анкара және Конья қалаларындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына барды. Сонымен қатар, ресми делегация құрамында келген қазақстандық бизнесмендер үшін B2B форматында кездесулер ұйымдастырылды.
Бизнес өкілдерімен кездесу нәтижесінде Анкарадағы Сауда және өнеркәсіп палатасында жалпы сомасы 2 миллиард АҚШ долларын құрайтын құжаттарға қол қойылды. Аталған құжаттар көкөніс сақтау қоймаларын, ауыл шаруашылығына қызмет көрсететін кәсіпорындарын, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу зауыттарын салу, сондай-ақ түрік нарығына мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша ынтымақтастыққа бағытталған.