«Әлемдік және аймақтық деңгейдегі Қазақстан-Түркия қатынастары» конференциясы өтті

«Әлемдік және аймақтық деңгейдегі Қазақстан-Түркия қатынастары» конференциясы өтті

Түркияның Саяси және Стратегиялық Зерттеу Қоры (TÜRPAV/ТҮРПАВ) және осы қорға қарасты Ұлттық саясат институты (MPЕ/МПЕ), Хажы Байрам Вели Университетінің Азия зерттеулері орталығы (ASҮAМ/АСЯМ) және Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен 2020 жылғы 11 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші жылы қызмет аясында «Әлемдік және аймақтық деңгейдегі Қазақстан-Түркия қатынастары» тақырыбында онлайн-конференция өтті. Ісшараға қатысқан мамандар Қазақстандағы өзгерістерді, Қазақстан-Түркия қатынастарын және жалпы Түркі әлеміндегі ынтымақтастықты талқылады.

Бірінші болып сөз алған Ұлттық саясат институты директоры Доктор Синан Демиртүрік ТҮРПАВ қоры вице-президенті Профессор Суат Колукырыкқа ісшараны ашуы үшін сөз берді. Акдениз университетінің оқытушысы болып табылатын Колукырык екі жыл бұрын құрылған және Түркия мен аймақ туралы зерттеулер жүргізіп жатқан қор туралы қысқаша ақпарат бергеннен кейін Қазақстан-Түркия ынтымақтастығының бүкіл аймақтың болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.

Анкара Хажы Байрам Вели Университетінің атынан сөз алған универстет проректоры Орхан Куртоғлу, Қазақстан мен Түркияның арасындағы тарихи, мәдени және рухани тығыз байланыс бар екенін, екі ел арасындағы сауда айналымы көлемін ұлғайту қажеттігіне назар аударды. Хажы Байрам Вели Университетінің Азия зерттеулері және Түркі әлемін зерттеулерінде Түркияда алдыңғы қатарда екенін еске салған Куртоғлу университет басшылығы ретінде қазақстандық университеттермен тығыз ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін білдірді.

Жиында сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының бауырластыққа негізделгенін айтып, қазіргі таңда қатынастардың стратегиялық серіктестік сипатына ие екендігін атап өтті. Екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың өз әлеуетінен төмен екеніне назар аудара отырып, Сапарбекұлы COVID-19-дан кейінгі кезеңнің екі елге мүмкіндіктер беріп тұрғанын және сондықтан үлкен жетістіктерге қол жеткізу әлеуеті бар екенін айтты. Президенттің бір жылдық қызметіне тоқтала келе, Елші мырза Тоқаевтың төтенше дағдарыстарды оңды енсере білетінін, саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалардың нәтижесінде халықтың қолдауын нығайтқанын айтты. Сапарбекұлы Тоқаевтың Қазақстанның дәстүрлі көп векторлы саясатын жалғастырып отырғанын, сонымен бірге жаңа Сыртқы саясат концепциясына сәйкес экономикалық дипломатияға басымдық беріп жатқанын еске салды.

Кіріспе сөздерден кейін конференцияның төрағасы міндетін алған ASYAM директоры Профессор Варис Чакан Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігерімен Қазақстанның Түрік әлемінің маңызды елдерінің біріне айналғанын атап өтіп, Қазақстандағы Тоқаев кезеңінің Түркі әлемі үшін де маңызды екенін айтты. Ковид-19-ға байланысты әлемдегі өзгеріс кезеңінде Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының өзектілігіне тоқталған төраға сөз кезегін жиынға шақырылған ғалымдарға берді.

Басқосуда бірінші баяндамашы ретінде сөз алған Бозок университеті Экономика және саясат факультетінің деканы Профессор Күршад Зорлу Назарбаевтың көреген саясатын жан-жақты талқылады. Назарбаевтың елді билік транзитіне алдын ала дайындағанын, 2007 және 2017 жылдары Конституцияға енгізілген толықтырулармен Президенттің өкілеттіктерін қысқартқанын және 2019 жылғы 19 наурызда «жаңа ұрпақ көшбасшыларына жол ашу» мақсатында қызметінен кеткендігін, бірақ Қауіпсіздік Кеңесі, «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының президенті қызметтерін жалғастырып жатқанын айтқан Зорлу Назарбаевтың «Түркі кеңесі» құрметті төрағасы болуының Түркі әлемі елдерінің интеграциясы аясында қалыптасқан дәстүрдің сабақтастығында маңызы зор екенін атап өтті. Назарбаевтың «Қазақ жолы» даму моделін ұсынғанын айтқан Зорлу Назарбаев сияқты ірі көшбасшыдан кейін Президент болу қиын екенін, бірақ Тоқаевтың «қуатты Президент-құзыретті парламент-есеп беретін үкімет» формуласы негізінде қоғаммен тығыз қарым-қатынас орната отырып, бұл жауапкершілікті абыроймен атқарып жатқаны атап өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры Профессор Мехмет Арслан Тоқаевтың білім және ғылым саласындағы қызметіне тоқталды. Ол «Тоқаев екі жыл бұрын Назарбаев қабылдаған «Білім берудің стратегиялық жоспарына» сәйкес әрекет етті және осы жоспарға сәйкес, бес жыл ішінде Қазақстандағы 10 жоғары оқу орны «Үздік 500 университетке» және 2 жоғары оқу орны «Үздік 200» қатарына қосылады» деді. Осыған орай, Тоқаевтың ғылымға жігі көңіл бөлгеніне назар аудара отырып, Арслан «Екі күн бұрын жарияланған QS Университеттер рейтингінде Әл-Фараби университеті 207 орыннан 165 орынға көтерілді, осылайша «200 үздік университет» қатарына Түркі және ислам әлемінен енген алғашқы университет болды» деп жақсы жаңалықпен бөлісті. Сөзінің соңында Арслан әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына байланысты Қазақ ұлттық университетінің БҰҰ мен ЮНЕСКО көлемінде 100-ден астам елде іс-шаралар ұйымдастырып, әл-Фарабидің Қазақстан мен Түрік әлемінің тұлғасы екенін түсіндіруді жалғастыратынын айтты.

Қожа Ахмет Яссауи университетінің Еуразия зерттеу институтының директоры доцент Вакур Сүмер Қазақстандағы тұрақтылық пен өзгерістердің үйлесімділігін атап өтті. 1991 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі статистикалық мәліметтерді салыстырған Сүмер бұның «Қазақ ғажайыбы» екенін мәлімдеді. Инвестициялық ортаны бағалайтын «Doing Bussiness» есебіне сәйкес, Қазақстан әлемде 25-орында және аймақтағы ең көп инвестиция тартатын ел болып табылады. Тоқаевтың дағдарысттарды сәтті басқаруына тоқталған Сүмер елдің COVID-19 және Oil Shock дағдарыстарынан аз шығынмен өтетініне сенім білдірді. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы және Алтын Орда мемлекетінің құрылғанының 750 жылдығы сияқты маңызды іс-шаралар Қазақстанда 2019 және 2020 жылдары ұйымдастырылғанын еске сала отырып Сүмер Тоқаевтың осы тұрғыда ұлттық құндылықтарға мән беретінін айтты.

Президент Тоқаевтың ішкі саясатты бірінші кезектегі басымдыққа айналдырғанын айтқан Муғла Сыткы Кочман университетінің оқытушысы Доктор Сердар Йылмаз Қазақстанның екінші президентінің халықтың мемлекетке деген сенімін нығайту мақсатында «Әділет» тұжырымдамасына баса назар аударғанын атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, Тоқаев мемлекеттік институттар мен қоғам арасындағы алшақтықты болдырмау мақсатында «Қоғамдық сенім», «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет», «Жауапты үкімет» ұғымдарын енгізді және оның қоғамға жақын позициясы нәтижесінде, Тоқаевтың танымалдығы мен қоғам арасындағы рейтингі өсті деп атап өтті.

Жиынның соңында «Сұрақ-жауап» бөлімінде конференцияға қатысушылар әлеуметтік медиа арқылы келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Атап айтқанда, шығыс-батыс бағытында дамып жатқан сауда және көлік дәліздерін талқылаған зерттеушілер Қазақстан мен Түркі әлемі бұл тұрғыда белсенді болуы керек деп мәлімдеді. Мысалы, профессор Суат Колукырык Қазақстанның Түркі әлемінің шығыс қақпасы, ал Түркия батыс қақпасы екенін еске салды. Профессор Күршад Зорлу «Орта дәліз» жобасына назар аударса, профессор Варис Чакан түріктердің өз ұғымдарын жасау керектігін айтып, құрлықтағы тасымалда «Ұлы Түркі әлемі жобасы» тұжырымдамасын ұсынды. Доцент Вакур Сүмер Назарбаевтың «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласына сілтеме жасай отырып, «Қызғалдақ жолы» тұжырымдамасын да осы шеңберде бағалауға болатындығын айтты. Жиынның қорытындысында конференцияға қатысқан ғалымдар Қазақстанның негізін қалаушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басталған Қазақстанның «Жетістік жолының» Тоқаев кезеңінде де жалғасатынына сенімді екендіктерін білдірді.