
1991 жылғы 16 желтоқсанда Түркия Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындаған алғашқы ел болды.
Түркия Қазақстанның ең жақын, сенімді саяси және экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады. Астана мен Анкара арасындағы қарым-қатынастар бауырлас достық, серіктестік рухында дамып, екі ел халықтарының тарихи және мәдени жақындығында негізделген.
1992 жылғы 21 сәуірде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркияның Қазақстандағы алғашқы Елшісі Арук Езнаяның сенім грамотасы табыс етілді. Айта кетерлік жайт, бұл рәсім Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғашқы болып, елімізде шетелдік дипломатиялық корпустың қалыптасуының бастамасы болды.
2017 жылдан бастап Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы болып табылады.
2015 жылдан бастап Түркияның Қазақстандағы Елшісі Невзат Уянык болып табылады.
Ең жоғары және жоғары деңгейдегі өзара сапарлар бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосты.
2012 жылы Қазақстан мен Түркия кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасын қабылдады.
2018 жылы Түркиямен екіжақты сауда көлемі 1,897 млрд. АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстаннан экспорт 1,242 млрд. долларға, ал Түркиядан импорт 655 млн. долларға жетті.
2005-2018 жылдар кезеңінде Қазақстан экономикасына Түркиядан тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 2,6 млрд. АҚШ долларын құрады.
Негізгі инвестициялық секторлар химия, фармацевтика, электрондық, тамақ, тау-кен және металлургия салалары болып табылады.
Қазіргі таңда, елімізде түрік капиталы бар 2 мыңға жуық заңды тұлға, компаниялардың филиалы мен өкілдіктері тіркелген. Соңғы жылдары «Anadolu Group», «Yıldırım Holding», «Sembol», «Abdi Ibrahim», «Yıldız Holding», «Eczacıbaşı», «ВТМ-Group», «ALARCO» сияқты компаниялар Қазақстанда табысты жұмыс атқаруда.