Қазақстан мен Түркия: ынтымақтастықтың бауырластық үлгісі

Қазақстан мен Түркия: ынтымақтастықтың бауырластық үлгісі

2020 жылдың 13 шілдесінде Түркиядан Қазақстанға халқына гуманитарлық көмек жіберілді. Бұл гуманитарлық көмек Түркия Республикасы үкіметі, қазақстандық Айдың нұры қоры, Анкара қалалық әкімшілігі, Ахмет Яссауи университетінің Түркиядағы түлектері қауымдастығы және Түркиядағы қазақ диаспорасы тарапынан ұйымдастырылды. Бұл көмек бетперде, комбинезон және дезинфекциялық материалдар, әртүрлі дәрі-дәрмектер, термометр, оттегі маскасы, вирусты анықтайтын тест жүйелері, коронавирусты жұқтырған науқастарды емдеуге өте қажетті тыныс алу құрылғылары/оттегі концентраторлары, өкпені жасанды желдету аппараты және басқа да маңызды материалдарды қамтиды. Жалпы салмағы 11 тоннадан астам болған гуманитарлық көмекті Түркия атынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Явуз Селим Кыран Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлына тапсырды. Тапсыру салтанатынан кейін Анкараға Қазақстаннан арнайы келген ұшаққа тиелген гуманитарлық көмек Қазақстанға жіберілді.

 

Салтанатты шарада сөз алған Абзал Сапарбекұлы осы көмекті ұйымдастырған әрбір мекеме және осы ізгі іске үлес қосқан әр адамға алғыс білдіре отырып, бұл көмектің Қазақстан мен Түркия арасындағы шынайы бауырластықтың көрінісі екенін айтты. «Ағайынгершілік ел басына күн туғанда белгілі болады» деген қанатты сөзді еске салған елші наурыздан бері Қазақстанға гуманитарлық көмектің үзілмегенін айтты. Елшінің сөзіне қарағанда, осы кезге дейін Түркия үкіметі, YDA Holding, Yildirim Holding, Anadolu Industry Holding, Nobel İlaç, Abdi İbrahim, Magdenli Yer Hizmetleri ve Taşıma, Kaya Türk Grup, MFA Maske, Tek-Imas Medical, Orhun Medical, Yıldız Holding, Uluer Group, Ergezen Hukuk және Agrobest Group сияқты компаниялар дезинфекциялық құралдар, маскалар, қорғаныс киімдері, көзілдіріктер, қолғаптар, респираторлар, дәрі-дәрмектер және қаржылай қолдаудан тұратын гуманитарлық көмек көрсеткен.

 

Жиында сөз сөйлеген Түркияның сыртқы істер министрінің орынбасары Явуз Селим Кыран бұл гуманитарлық көмектің тек мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен бизнес өкілдері тарапынан ғана емес, жеті жастан жетпіс жасқа дейінгі қоғамның барлық өкілдері тарапынан ұйымдастырылған көмек екеніне назар аударып, бұл көмектің Қазақстанның Ковид-19 індетімен күресінде күш беруін, науқастарға шипа болуын тіледі. Түркияның әрқашан да Қазақстанмен бірге екенін атап өткен Кыран бұл көмектің осы уақытқа дейін шетелге жіберілген ең ауқымды көмек екенін айтып, бұл көмектің 6 шілдеде Ердоғанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлескеннен кейін берген тапсырмасына сай ұйымдастырылғанын атап өтті. 13 шілдеде Қазақстанда Ұлттық аза тұту күні болғандықтан, Қазақстан халқының қайғысына ортақ екенін айтқан министр орынбасары коронавирустан қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтты.

 

Түркиядан Қазақстанға жіберілген бұл көмек бұрынырақ Түркия денсаулық сақтау министрінің орынбасары Эмине Алп Меше мен Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы тарапынан қол қойылған «Түркия Республикасы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасында денсаулық сақтау саласында көмек көрсету туралы» өзара түсіністік меморандумы аясында жүзеге асып отыр.