Түркияда «Қанышнаме» кітабының тұсаукесері өтті

Түркияда «Қанышнаме» кітабының тұсаукесері өтті

Ыстанбұл, 2024 жылғы 6 маусым – Ыстанбұлдағы Қазақстан мәдениет және сауда орталығында қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан академик, Ғылым академиясының құрушысы және тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай белгілі айтыскер ақын Аспанбек Шұғатаевтың «Қанышнаме» кітабының тұсаукесері өтті.

Аспанбек Шұғатай өз еңбегінде ғалымның өмір жолы мен қазақ ғылымын дамытудағы ерен еңбегін поэма түрінде өрнектеген. Ал кітаптың өзі, алтын құйма пішінінде шағын қалтаға салып, оқуға ыңғайлы етіп, заман талабына сай әзірленген.

Кітап авторы Аспанбек Шұғатайдың айтуынша: «Қаныш атам өзі әлемнің Пекин деген қаласында, Лондон, Париж небір әлемнің мықты қалаларында болған екен. Бірақ Ыстанбұл қаласында болмаған екен. Қаныш атамды бүгін Түркияға алып келіп отырған жайым бар».

Іс-шараға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркиядағы өкілі, Қазақстан мәдениет және сауда орталығының басшысы, Қазақ дипломатиясының ардагері Ержан Уәйіс, Қаныш Сәтбаевтың туған жері Павлодар облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Тауасқан, Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының өкілі Санжар Мүләзімоғлы, Ыстанбұлдағы Қазақ профессоры Әбдуақап Қара, айтыскер ақын Дидар Қамиев, Қазақ диаспорасының өкілдері Фазлы Топлы, Мүбарак Шалышхан, Алтай Қарақол, Қадыр Жұмай, Бешір Бекежан, мәдениет орталығы қамқоршылық кеңесінің төрайымы Асия Тілеухан, Мұрат Теміс, Нұржан Қоңырбай, Данияр Шаңырақ, JS Холдинигінің төрағасы, Қазақ кәсіпкері Ғанимет Ғайса және тағы басқа зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар, қонақтар қатысты.

Кітаптың тұсаукесер шарасынан соң айтыскер Дидар Қамиев және кітап авторы Аспанбек Шұғатаев айтыстан шашу шашты. Жалпы жиында қазақтың бірлігі, ата-дәстүрі, рухани мәдениеті Анадолы жерінде насихатталды. Жиын соңында Түркиядағы қазақтың қос ақсақалы тоқсан жастағы Әбдурахман Четин мен сексен жастағы Мәнсүр Тәйжі ақ батасын беріп, кітапқа сәттілік тіледі.