Түркияның астанасында Бердібек Соқпақбаевтың 100-жылдығы тойланды

Түркияның астанасында  Бердібек Соқпақбаевтың 100-жылдығы тойланды

Анкара, 2024 жылғы 29 сәуір – Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы және Алматы облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100-жылдығына арналған көрме, конференция және Ақжауын оркестрінің концерті ұйымдастырылды.

Көрмеде жазушының архивті фотолары, арнайы Қазақстаннан жеткізілген киімдері, көзілдірігі, белбеуі, және басқа да қолданған жеке заттары таныстырылды.

Б.Соқпақбаевқа арналған конференцияға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Н.Әбдірахым бастаған делегация, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы М.Құлкенов, Түркиядағы Еуразия Жазушылар бірлестігінің басшысы Я.Өмероғлу, Анкараның Хажы Байрам Вели Университетінің профессорлары Ж.Кынажы және Х.Варол және басқа да бірқатар білім адамдары мен дипломатиялық миссия өкілдері қатысты.

Конференция барысында Бердібек Соқпақбаевтың балалар әдебиетіне қосқан үлесі, саяси және әдеби портретінің салыстырылуы, атақты «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат» секілді шығармалары талқыланды. Әсіресе, 1967 жылы Францияның Канн қаласында өткен Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің халықаралық фестивалінде арнаулы жүлдеге ие болған «Менің атым Қожа» фильмінің сценарийін Бердібек Соқпақбаевтың жазғаны туралы мәлімет қатысушылардың жазушыға деген қызығушылығын арттырды.

Кешке ұйымдастырылған Ақжауын оркестрінің концерті жоғары деңгейде өтті. Қазақ өнерпаздары ұлттық өнеріміздің бірегей туындыларын орындап көрермендердің ықыласына бөленді. Әсіресе, қазақтың атақты күйшісі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Кәрімұлы Тұрысбектің орындауындағы күйлер залға ерекше атмосфера сыйлады.