Қазақстандағы реформалар Түркия астанасында талқыланды

Қазақстандағы реформалар Түркия астанасында талқыланды

Анкара, 2024 жылғы 2 сәуір – Анкарада Қазақстандағы экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар туралы дөңгелек үстел өтті.  

Іс-шараға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңесінің төрағасы мен мүшелері, магистратура мен докторантура оқып жатқан қазақ жастары және Түркия зиялы қауым өкілдері қатысты.

Елші Еркебұлан Сәпиев қатысушыларды Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастауымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде ақпараттандырып, еліміз биылғы жылы бірнеше беделді халықаралық ұйымға төрағалық етумен қатар, Астана халықаралық форумы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны және тағы басқа бірқатар ауқымды саммит, форумдар өткізетінін айтты.

Өкілетті кеңестің төрағасы Мухиттин Шимшек университеттің ағымдағы қызметі туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, екіжақты мәдени, достық қатынастарды нығайту мақсатында елімізде жарияланған мерейтойларды, атап айтқанда, Жошы Ұлысының 800 жылдығын, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын, Халық қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетовтің, Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығын Түркияда атап өту бойынша қолдау көрсетуге дайындығын жеткізді.