Анкара, 2024 жылғы 5 ақпан – Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев Түркияның Ұлттық білім министрі Юсуф Текинмен кездесіп, білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын талқылады.
Түрік министрі Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, білім бағытындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екендігін білдірді.
Елші бұл салада мұғалімдердің біліктілігін арттыру, білім бағдармаларын жүзеге асыру, семинар мен іс-шаралар өткізу арқылы тәжірибе алмасу маңыздылығына назар аударып, бірлескен жұмыс жоспарларын әзірлеуге шақырды.
Сонымен қатар, жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Газиантеп провинциясында мектеп салу жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.