Қазақстан мен Түркия арасындағы парламентаралық ынтымақтастық нығаюда

Қазақстан мен Түркия арасындағы  парламентаралық ынтымақтастық нығаюда

Анкара, 2024 жылғы 23 қаңтар – Парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту шеңберінде Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінде жаңадан тағайындалған «Қазақстан-Түркия» достық тобына мүше депутаттармен кездесу өтті.

Кездесуде Елші Еркебұлан Сәпиев Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, Елші түрік парламентарийлерін елімізде саяси бәсекені күшейту  мақсатында сайлау, саяси партиялар және Парламент туралы заңнамаға енгізілген институционалды өзгерістермен таныстырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатының негізгі мазмұны туралы айтып берді.

Өз кезегінде «Қазақстан-Түркия» достық тобының басшысы Мехмет Али Жевхери екі ел арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық деңгейін атап өтіп, парламенттік топтың екіжақты көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі қарқынды нығайтуға үлес қосуға дайын екендігін мәлімдеді. Бұл ретте, инвестицияларды тарту және сауда-экономикалық байланыстарды орнату әлеуетін дамыту мақсатында топқа мүше депутаттар сайланған провинцияларға бірлескен сапарларды ұйымдастыруды ұсынды. Оған қоса, Қазақстан мен Түркия арасындағы парламентаралық және достық топтары арасындағы өзара іс-қимылдың деңгейін жоғары бағалап, бұл бағыттағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.