Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебе: Рысқұл» романының түрік тіліне аудармасының тұсаукесері өтті

Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебе: Рысқұл» романының түрік тіліне аудармасының тұсаукесері өтті

Еуразия Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен 2020 жылғы 30 мамырда Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе: Рысқұл» романының түрік тіліне аудармасы кітабының тұсаукесері бейнеконференция арқылы өтті. Кездесуге Еуразиялық Жазушылар одағының президенті Доктор Якуп Өмероғлы төрағалық етті. Жиналысқа романның аудармашысы Уфук Тұзман, кітаптың редакторлығын атқарған Уфук Тауқұл мен Атаман Калебозан, Қазақстанның Анкарадағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Жазушылар одағының президенті Ұлықбек Есдаулет, Түрік әлемі баспасөз мүшелері қауымдастығының төрағасы Халил Үлкер, университет профессорлары, сонымен қатар Түркия, Қазақстан, Германия, Косово және Албаниядан көрермендер қатысты.

Доктор Якуп Өмероғлу бұл жиналыстың «дұға кеңесі» екенін айтты. Себебі бұл дәстүр – Исмаил Гаспыралы «Тәржіман» газетін шығарған кезде қалыптасқан дәстүр. Екінші жағынан, Өмероғлуның пайымдауынша, бұл оқиғаның 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнімен тұспа-тұс келуіне байланысты шейіт болғандар мен аштық құрбандарына дұға бағыштау борышымыз болып табылады.

Доктор Өмероғлу сөзінде алдымен романның кейіпкері Тұрар Рысқұловтың өміріне тоқталды. Ол Рысқұловтың Түркістан Автономиялық Кеңестік Республикасының президенті болғандығын және бұл мемлекеттің қысқартылған атауының ТүрікАССР екенін айтты. Өмероғлу Рысқұловтың білім министрі Ахмет Байтұрсынов болғанын және Рысқұловтың қолдауымен Міржақып Дулатовтың «Алаш» қозғалысының газеті «Қазақтың» жалғасы болып табылатын «Ақ жол» газетін шығарғанына назар аударды.

Кітаптың редакторларының бірі Уфук Тауқұл аудармашы Уфук Тузманның тегінің қарашай-малқар екенін және сондықтан қыпшақ тілдеріне бейім екенін атап өтті. Редактор «Қызыл жебе» романы мен қарашай әдебиетінің алғашқы романы - «Қара күбір» романының арасында ұқсастық бар екенін айтты. Екі романда да Кеңес Одағы «құтқарушы» ретінде сипатталады.

Шығарманың тағы бір редакторы Атаман Калебозан «Қызыл жебе» романының «Рысқұл», «Тұрар», «Жұлдызды көпір», «Қыл көпір» және «Тамұқ» деп аталатын бес томнан тұратындығын және бұл шығарманың ойдан шығарылған көркем әдебиет емес, шын болған оқиғаға негізделгенін еске салды. Осыған орай шығармада қазақ халқының күресі бейнеленген. Калебозанның айтуынша, романның символы болып табылатын Тұқымбайдың тұлпары Қызыл жебенің бауыздалғанымен, қазақ халқы күрес рухын жоғалтпады. Редактордың айтуынша, романның әлемдік классикаға айналуға әлеуеті мол.

Жиналыста сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының президенті Ұлықбек Есдәулет бұл шығарманың түрік тіліне аударып, осындай кездесуді ұйымдастырғаны үшін Түркия қоғамына Қазақстан жазушылар одағы атынан алғысын білдірді. Есдәулет жазушы Шерхан Мұртазаның жай жазушы ғана емес, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап жаңа мемлекеттің қалыптасуына үлкен үлес қосқан мемлекеттік қайраткер екенін айтты. Қызыл жебе романының бас кейіпкері Тұрар Рысқұловқа деген көзқарасын білдірген Есдәулет Қазақстанның кеңестік тарихты жоққа шығара алмайтындығын мәлімдеді. Оның айтуынша, Рысқұлов коммунист болған, бірақ ол бар күшімен өз халқына қызмет еткен.

Кездесу соңында аудармашы Уфук Тұзман өз ойларымен бөлісті. Ол өз сөзінде былай деді:

«Менің ата-бабаларым – қарашай-малқарлар. Сондықтан мен жер аударылудың не екенін жақсы білемін. Бұл жерде біз Қызыл жебе романы туралы сөйлесіп жатырмыз. Алайда, бұл жерде басты мәселе тек Қызыл жебе ғана емес, мәселе – алдыңғы кездесуде Елші Абзал Сапарбекұлы да айтқандай, зобалаңға душар болған халықтар».

Тұзман Ахмет Яссауи университетінің түлегі және профессор Рахманқұл Бердібайдың шәкірті ретінде өзін қазақ тілінің миссионері санайтынын мәлімдеді. Тұзман жазушы Шерхан Мұртазаны жақсы танығанын айтып, оның «Шындық пен өтіріктің арақашықтығы - төрт елі» деген сөзін еске алды.

Кездесудің жабылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Тұрар Рысқұлов және Шерхан Мұртазамен жерлес болғанын мақтан тұтатынын айтты. Ол Мұстафа Шоқайдың Тұрар Рысқұловқа қатысты айтқан сөзіне сілтеме жасады: «Егер сіз Тұрар Рысқұловтың көрінетін қабығын алып тастасаңыз, оның өзегінің Түркістан екенін көресіз». Абзал Сапарбекұлы Рысқұловтың тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл Түркістан халқына қызмет еткеніне назар аударды. Ол Түркістандағы қазақ, өзбек және тәжік студенттерін Германияға оқуға жібергенін еске салды. Сөзінің соңында Сапарбекұлы аудармашы Уфук Тұзманға алғысын білдіріп, оны жақында Тараз университетімен бірге ортақ іс-шара ұйымдастыруға шақырды.