
1997 жылдан бастап, 31 мамыр Қазақстанда «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» ретінде аталып келеді. Осыған орай, Түркиядағы Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен, Сталин дәуіріндегі саяси қысым, қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған бейне-конференция өтті. Конференцияға қатысқан ғалымдар ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстандағы ашаршылықтар және кеңестік режим қудалаған зиялы қауым туралы өздерінің зерттеулерімен бөлісті.
Жиналыста сөз сөйлеген елші Абзал Сапарбекұлы тәуелсіздікке дейін қазақ халқы үшін тек ХХ ғасырдың бірінші жартысы ғана емес, тұтастай бір ғасырдың қасіретке толы болғанын атап өтті. Елшінің айтуынша, сол қараңғы кезеңдегі нәубет қазақтардың жадында терең із қалдырды және іс жүзінде ол оқиғалар қазақтар үшін әлі күнге дейін психологиялық жарақат болып табылады.
Абзал Сапарбекұлы сөзін былай жалғастырды: «Сондықтан бүгінгі «Саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алу күні» қазақтардың ұлттық санасы үшін өте маңызды. Жалпы, бүгінде Қазақстанда екі оқиға атап өтіледі. Біріншісі – қазақ халқының мүддесін қорғап өткен зиялы қауымның бір буынының тұтастай дерлік жойылуы, ал екіншісі – қазақ халқының жартысына жуығы қырылып қалған аштық. Біріншісі - қоғамның қаймағын құрту арқылы ұлттық сана мен ұлттық болмысқа жасалған шабуыл болса, екіншісі – халық ретінде жою мақсатында халықтың өзіне қарсы ұйымдастырылған тікелей шабуыл болып саналады».
Елші өз сөзінде сол кезеңде үш ірі аштық болғанына тоқталды. Олардың біріншісі - 1918-1919 жылдары, екіншісі - 1921-1922 жылдары, ал үшіншісі және ең ауыры 1930-32 жылдары болды. Бірінші аштықта - 1 миллион 200 мың, екіншісінде - 1 миллион 700 мың, үшіншісінде - 2 миллион 300 мың адам опат болып, жалпы сол кезеңде 5 миллионнан астам қазақ аштықтан қырылды.
Абзал Сапарбекұлы сонымен бірге Сталиндік кезеңде қазақ зиялыларының кеңес өкіметінің «халық жауы» деп жариялануына да тоқталды. Деректерге сүйенсек, ол науқанда Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мыңнан астам адам өлім жазасына кесілген.
Коммунистік режимнің зұлымдығының ауқымын көрсету мақсатында Абзал Сапарбекұлы бір мысал келтірді. 1936-1938 жылдарында Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болып жұмыс істеген Левон Мирзоян 1937 жылы қазанда Мәскеуге жолдаған жеделхатында былай жазады: «Өлім жазасын қолдануға берілген 2500 адамдық квотаның өте жеткіліксіз болуына байланысты бізге тағы 3500 адамға өлім жазасын қолдануға рұқсат беруіңізді сұраймын.»
Елшінің сөзінен кейін отырысты басқарған Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу кіріспе сөз сөйлеп, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Абдулвахап Қараға сөз берді.
Профессор Қара қазақтардың тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге басқа елдерде де саяси қысым мен қуғынға ұшырағанын айтты. Ол баяндамасында әсіресе Шығыс Түркістан қазақтарының сол жылдары Қытайдың генерал-губернаторларының әміршіл-әкімшіл билігінен қатты қысымға ұшырағанына назар аудары. Қазақтар 1937 жылдан бастап, еркін әлемге қоныс аударуға мәжбүр болды. Алайда мұның құны қазақтар үшін ауыр болды. Жолға шыққан 18000 адамнан Гималай таулары мен Такламакан шөлінен өткен, Пәкістан және Үндістан арқылы 15 жыл жүріп Түркияға жеткен адамдардың саны тек 1850 адамды құрады.
Профессор Қара Екінші дүниежүзілік соғыста немістер тұтқындаған түрік сарбаздарынан тұратын Түркістан легионерлерін де қуғын-сүргін аясында қарастыру керек екендігін айтты. Белгілі болғандай, бұл тұтқындарды Сталин сатқын деп жариялады, ал еліне оралғандар атылды, ал кейбірі Сібірдегі еңбек лагерлерге жер аударылды.
Аштық туралы да пікірін білдірген Профессор Қара 1930-32 жылдардағы аштықты Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Филипп Голощекиннің жоспарлағанын және әдейі жасағанын атап көрсетті. Голощекиннің келесі сөзі осының дәлелі: «Қазақ ауылдарында Қазан төңкерісінің белгілері жоқ. Таптық күрес байқалмайды. Кедейлер комитеті байлардың меншігін мемлекет меншігіне алмайды, тіпті ауылдарда коммунистер де жоқ». Осы себепті Голощекиннің пікірінше, Қазақстанда «Кіші Қазан төңкерісін» жүзеге асыру қажет болды. Бұл төңкеріс қазақ халқының жартысының өліміне және 40 миллион малдың жойылуына әкелді.
Қазақстандағы қызыл қырғын (1929-1933): Сталинге жазылған хаттар-естеліктер-сұхбаттар атты кітаптың авторы профессор Вахит Түрік өзінің зерттеулерінде 1918, 1921 және 1932 жылдардағы аштық кезінде қазақтардың өз халқының 2/3-нен айырылғанын анықтағанын мәлімдеді. Бұл аштық әсіресе балалар үшін ауыр болғанын айта келе, профессор Түрік сол кезде қалалардағы балалар үйлерінің толып-тасып, күн сайын 15-20 бала қайтыс болатынын айтты. Автор қалаларда осындай жағдай болғанда, ауылдық жерлерде жағдайдың қандай екенін ойлаудың өзі жан түршіктіреді дейі. Сондықтан, профессор Түрік өз кітабын балаларға арнаған екен.
Түркі әлемі мен Қазақстандағы зиялыларды жою туралы «Оққа ұшқан түркология» атты кітаптың авторы Профессор Ахмет Буран Кеңес дәуірі мен Кеңестік мемлекеттік құрылымды түсінбестен Түркі әлемінің болашағын болжау мүмкін емес деді. Осы шеңберде ғалым «Кеңес адамын» қалыптастыру жобасына айрықша назар аударды. Профессор Буран Кеңес адамының орыс тілді, дінсіз және Кеңес қоғамына мүше адам болуы керек екенін айтты. Сондықтан орыс тілі дәріптеліп, басқа жергілікті тілдер екінші сатыға түсірілді. Осы тұрғыдан ана тілін қорғаушы зиялылар Кеңес адамын қалыптастырудың алдындағы ең маңызды кедергі ретінде қарастырылды. Профессор Буранның зерттеуі бойынша, Ахмет Байтұрсынов, Телжан Шонанов, Құдайберген Жұбанов және Мағжан Жұмабаев және тағы басқалар осы тұрғыдан Кеңес өкіметінің жауы болып жарияланды.
Профессор Гүлжанат Құрманғалиева Эржиласун Сталиннің қазақ зиялыларына жасаған қысымы туралы баяндама жасады. Ол қазақ қоғамындағы білімнің маңыздылығына тоқтала келе, XIX ғасырда басталған ағарту процесі қазақтар арасында білімді, мәдениетті және білікті зиялы қауымның қалыптасуына жол ашты деп мәлімдеді. Профессор Эржиласунның зерттеулеріне сәйкес, Сталин кезеңіндегі «интеллектуалдық қырғын», «қызыл қырғын», «қызыл террор», «репрессия» сияқты әртүрлі атаулармен белгілі қысым, зорлық-зомбылық және жою науқанының бірінші кезеңі 1937-1931 жылдары, екінші кезеңі 1937-39 жылдары, ал үшінші кезеңі 1946-1951 жылдары болған. «Үштік» деп аталатын үш мүшелік топ адамдарды сотсыз жазалайтын еді. Профессор Ержиласунның айтуынша, қазақ зиялылары тағдырларының өліммен бітетінін біле тұра, өмірлерінің соңғы сәттеріне дейін өз халқына қызмет етіп өтті. Әлихан Бөкейханның: «Болашақта сізді үлкен ризашылықпен және құрметпен еске алатын ұрпақ келеді. Күрес жолын таңдағандарың үшін ешқашан өкінбеңдер» деген сөзі осының дәлелі.
Кездесудің қорытынды бөлімінде доцент Мәриям Хәкім Қазақстандағы аштық мәселесі жөнінде еуропалық және американдық ғалымдардың қарқынды жұмыс істеп жатқанын және алдымыздағы кезеңде тек орысша мұрағаттарды ғана емес, сонымен бірге қазақ дереккөздерін де қолдану керек деген пікірталастар жүргізіліп жатқанын айтты. Мәриям Хәкім қазақтар душар болған аштықтың халықаралық қауымдастыққа Украинаның Холодоморы сияқты насихатталуы керек екенін, бұл мәселе әлемдік тарихта өзінің лайықты орнын алуы керек екендігін және бұл мәселенің жалпы адамзаттың борышы екенін айтты.
Басқосуға қатысушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еске алу күніне орай тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсыруы туралы хабарды құптайтындарын білдірді.