Анкарада 2-ші қазақ-түрік IT форумы аясында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды

Анкарада 2-ші қазақ-түрік IT форумы аясында  Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды

Анкара, 2023 жылғы 19 қыркүйек – Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Анкарада цифрландыру мәселелері бойынша қазақстандық мемлекеттік органдардың және ақпарат технологиялар саласында жұмыс істейтін 14 қазақстандық компания өкілдерінің қатысуымен 2-ші қазақ-түрік IT форумы басталды.

21 қыркүйекке дейін жалғасатын шара барысында қазақстандық компаниялардың түрік серіктестерімен, Түркияның мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен 100-ден астам кездесуі жоспарланған. Бірлескен ІТ-стартаптарды дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларын, дата орталықтарын құру, ІТ тауарлар мен қызметтерді ілгерілету, Қазақстан мен Түркияның ІТ-технологиялық парктері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты талқылау жоспарлануда.

Форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Елші Е.Сәпиев Мемлекет басшысының қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы аясында екі елдің ақпараттық технологиялар саласындағы өзара іс-қимылының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

 2023 жылғы 25-28 сәуірде Алматы және Астана қалаларында 15 түрік компаниясының қатысуымен бірінші қазақ-түрік IT форумы өтті. Форум нәтижесінде үш түрік компаниясы қазақстандық серіктестермен ынтымақтастық туралы 3 келісімге қол қойса, «Orbitel» компаниясы Астанада өкілдігін ашты.