
Анкара, 2023 жылғы 4 қыркүйек – ТҮРКСОЙ ұйымы және Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен қазақтың дарынды жазушысы, дипломат, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтың 80 жылдығына арналған конференция және “Біртектілік” кітабының түрікше нұсқасының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға Қазақстаннан арнайы келген М.Әуезовтың қызы, тарих ғылымдарының докторы Зифа-Алуа Әуезова, М.Әуезов мәдениет орталығының директоры Дияр Қонаев, дипломатиялық миссия өкілдері, Түркияның зиялы қауымы, жоғарғы оқу орындарының профессорлары мен студенттері қатысты.
Конференцияның ашылу кезінде сөз бастаған ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, М.Әуезовтың қазақ мәдениетіне ғана емес бүкіл түркі әлеміне еткен еңбегі зор екенін атап өтті. Ол жазушыны өз ұстазы ретінде көретінін көпшілікке жеткізді. Мұхтар Әуезовтың Шыңғыс Айтматовқа қалай тәлімгерлік жасаса дәл солай Мұрат Әуезовтың Сұлтан Раевқа жол көрсетер ментор болғанын айтты. «Манас» эпосын сақтап қалғаны үшін Мұхтар Әуезов әулетіне ерекше алғысын білдірді. Сұлтан Раев өз сөзінде Әуезовтар әулетінің қазақ тарихындағы маңызды орнына тоқталып, бұл династияның әлі де адамзатқа ететін еңбегі зор екеніне сенім білдірді.
Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Е.Сәпиев текті жерден шыққан М.Әуезов жайлы мағлұмат ұсынып, еңбектеріндегі жастарға деген жанашырлығына ерекше тоқталды. М.Әуезовтің 80 жылдығына орай Түркиядағы іс-шаралар осы жылдың бірінші жартысында Анкара Қажы Байрам Вели университетінде Халықаралық конференция ұйымдастырумен бастау алғанын еске салды.
З-А.Әуезова өз сөзін әкесінің конференцияға жолдаған хатынан бастады. Хатта М.Әуезов қатысушыларға сәлемін жолдап, тұсауы кесілгелі жатқан кітабының мазмұнын қысқаша тоқталды. Әкесінің құрметіне осы халықаралық конференцияны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді, өзі араб тілінен аударған Диуан Лугат Ат-Түрк кітабын ТҮРКСОЙ-ға тарту етті.
Кітаптың салтанатты ашылу рәсімінен кейін отырыстың екінші жартысында сөз алған зиялы қауым өкілдері мен профессорлар, М.Әуезовтің еңбектерін кеңінен талқылады.
Д.Қонаев Мұрат Әуезовтың қазақ әдебиеті классиктеріне арналған еңбектерді зерттеудегі, оларды насихаттаудағы үлкен жұмыс атқарғанын алға тартты. Әсіресе әкесінің еңбектерін жинақтап, толық 50 томдық академиялық кітап ретінде басып шығарғанын атап өтті. М.Әуезовтің шешендік өнерден де алыс емес екенін, терең мазмұнға толы ұшқыр ойлары туралы да мәлімдеді. Өз сөзінің соңында Д.Қонаев әр ортада шығармашылық атмосфера жасай білетін М.Әуезовпен бірге қызмет атқарған кездерін еске алып, оған сансыз ризашылығын білдірді.
М.Әуезовті Алаш зиялыларымен салыстырған Анкара Қажы Байрам Вели Университетінің профессоры, түрік азаматшасы Хулйа Касапоғлу Ченгел өз баяндамасын қазақ тілінде жасады. Ол өз сөзін Мұхтар Әуезов, Дінмұхамед Қонаев, Мұрат Әуезов секілді ұлы тұлғаларды ашу үшін жұмыстарын ұлт сезімі, ұлттық рух пен ұлттық тәуелсіздік тұрғысынан зерттеу керек деген пікірмен бастады. Алашорданың құрушылары мен барша түркі зиялы қауым өкілдерінің Бакудегі құрылтайға жиналған себебі де осы ұлттық рух пен ұлттық ояну екенін қатысушылардың есіне салды. Сол ұлтшылдық Кеңес заманында өшпей әлі келе жатқаны түркі халықтарының мінезіндегі тәуелсіздікке деген құштарлықтан және М.Әуезовтей тұлғалардың қажырлы еңбектерінің арқасында екенін алға тартты.
Философ Мұсырқұл Қабылбеков Мұрат Мұхтарұлын әкесінің көлеңкесінен шығару керек деген пікір білдірді. Өзімен кездескен кезде М.Әуезовтің терең ойлы, қызық пікіралмасушы, кең пейілді азамат екенін аңғарғандығын жеткізді. Сондай-ақ, жазушыны ғұндармен бірге өсіп, кейіннен ғұндарға қарсы шығып, оларды жеңген Рим қолбасшысы Аэциймен салыстырды. Себебі, Мұрат Мұхатрұлы қанша орыс мәдениетімен, тілімен өссе де қазаққа деген жанашырлығы, қазаққа деген махаббаты ешқашан сөнбеген. Мұндай ұлттық тәрбиеге баулыған анасы Фатиманың орны ерекше екеніне назар аударды. 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының көтерілісі кезінде қазақ зиялыларын Кеңес саясаты күштеп сол жастардың іс-әрекеттерінің дұрыс емес екендігін айтуға-жазуға мәжбүрлеген. Алайда, зиялылар арасында тек Мұрат Әуезовтің жастарға ешқашан қарсы шықпағанын баяндады.
Конференция соңында қатысушылар Мұрат Әуезовтің “Біртектілік” кітабының түрікше нұсқасы оқырмандарға пайдалы болатынына сенім білдірді.