
2023 жылғы 27 тамызда - Қазақстан Республикасының Конституция күніне, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күніне және Түркияның 100-жылдығына орай Елшіліктің ұйымдастыруымен Анкара қаласындағы Оран дипломатиялық қалашығында орналасқан Елшіліктер арасында футбол турнирі өткізілді.
Спорттық доданың ашылу салтанаты кезінде Елші Е.Сәпиев турнирге қатысушыларды Түркияның 100-жылдығымен және Қазақстан Республикасының Конституция күнімен құттықтап, өткен жылы Атазаңға Референдум арқылы қабылданған өзгерістер туралы баяндап, әділетті қоғам, жауапты, заңға бағынатын азамат идеясын алға тартып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қазақстандықтардың әлеуметтік және экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ету саласындағы жұмыстар жайында кеңінен ақпарат берді.
Сонымен қатар, Елші Қазақстанның Семей өңіріндегі ядролық сынақтардың зардабын түсіндіріп, еліміздің бастауымен 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күні деп жариялағанын қатысушылардың есіне салды.
Турнир қорытындысы бойынша Түркия Сыртқы істер министрлігінің командасы 3-ші орын, Оман командасы 2-ші орын және Қазақстан командасы «Оран кубогінің» алғашқы чемпионы атанды. Бұл турнирдің Қазақстан Елшілігі тарапынан жыл сайын ұйымдастырылуы жоспарлануда.