
Анкара, 2023 жылы 20 наурыз - Қазақстанның Анкарадағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындысы бойынша баспасөз брифингі өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Анкарадағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің (ТҰҰМ) депутаты – Қазақстан-Түркия Парламентаралық Достық тобының тең төрағасы М.Джевхери, ТҰҰМ депутаты И.Картал, ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы С.Раев, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Я.Өмероглу, Анкара университеті ректорының кеңесшісі А.Өзкан, Түрік тарихы және мәдениеті қоғамының (TÜRKTAV) өкілі, Түркиядағы қазақ диаспорасының мүшелері, түрік зиялылары және Түркиядағы танымал бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.
Брифинг ү.ж. ақпан айында Түркияда болған жойқын жер сілкінісі құрбандарының құрметіне бір минуттық үнсіздік еске алу рәсімімен басталды.
Елші Е.Сәпиев сөзін «ғасыр апаты» деп сипатталған Түркияның 11 провинциясында болған жер сілкінісінен зардап шеккендер мен қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтумен бастады.
Қазақстан осындай қиын-қыстау кезеңде бауырлас түрік халқының жанында болып, жан-жақты көмек көрсеткенін атап өтті. Өзінің алғашқы күннен бастап, Түркияның Газиантеп провинциясына барып, Қазақстаннан келген құтқару жасақтарымен бір апта болып, зілзала аумағындағы жағдайды жақыннан көргенін айтты.
Сонымен қатар, Елші ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев ү.ж. 16 наурызда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) кезектен тыс саммитіне қатысып, бауырлас елдердің бір-бірін әрқашан қолдауы керектігіне назар аударғанын, «Түркі мемлекеттері бірлік пен ынтымақтың тамаша үлгісін көрсеткенін» - атап өтті. ТМҰ-ның 10-шы саммиті Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында өтетінін хабарлады.
Қазақстандық дипломат елдегі саяси және экономикалық реформаларға және ең бастысы ҚР Парламенті Мәжілісі мен Мәслихаттары депутаттары сайлауының қорытындысы туралы тыңғылықты ақпарат ұсынды.
Биыл Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың жарлығымен Мәжіліс және Мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауы ү.ж. 19 наурызда өткенін, биылғы сайлауға 7 саяси партия қатысып, тіркелген партиялық тізімдердегі кандидаттардың жалпы саны 281 («Қазақстан Халық» партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы, «Аманат» партиясы, «Ақ Жол» партиясы, «Қазақстан демократиялық» партиясы, «Байтақ» жасыл партиясы және «Республика» партиясы) құрағанын баяндады.
ТҰҰМ депутаты – Қазақстан-Түркия Парламентаралық Достық тобының тең төрағасы М.Джевхери сөзінде Түркияда болған жер сілкінісінде жан-жақты қолдау көрсеткен Қазақстанға алғысын білдіріп, Қазақтанның саяси, экономикалық саласында жан-жақты дамып келе жатқанын атап өтіп, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың жүргізіп отырған реформаларын қолдайтынын, кешегі парламенттік сайлауды нәтижелі өткізген бауырлас Қазақстан халқына табыс пен өркендеу тіледі.
ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы С.Раев өзінің сөзінде Түркі мемлекеттерінің бірлігі мәңгілік болып, Қазақстандағы реформаларға толағай табыс тіледі.
Шара соңында Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек көрсету барысында белсенді қатысқан азаматтар алғыс хатпен марапатталды.