
Тирана, 2023 жылғы 3 наурыз – Қазақстан Елшісі Еркебұлан Сәпиевті Албанияның Премьер-Министрі Эди Рама қабылдады.
Албания үкіметінің басшысы Қазақстанмен өзара мүдделі барлық салаларда ынтымақтастықты дамытуға және тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Еуропа істері және сыртқы істер министрі Олта Джачка, Туризм және қоршаған ортаны қорғау министрі Мирела Кумбаро Фурши, Қаржы және экономика министрі Делина Ибрахимай, Білім және спорт министрінің орынбасары Нина Гуга, Тиран қаласының мэрі Эрион Велиай және Албанияның Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Николин Яакамен кездесті.
Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.
Туризм саласындағы ынтымақтастықты арттыру және екі ел арасындағы әуе қатынасын ашу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Албан тарапы өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытудың жоғары әлеуетін және Қазақстанмен ынтымақтастықты жандандыруға аса қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.