
2023 жылы 12 қаңтарда ТҮРКСОЙ, Еуразия жазушылар одағы және Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен белгілі жазушы, драматург, тілші, тарихшы, филолог Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Махаббат және өшпенділік» кітабының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Сұлтан Раев, жазушы, драматург, тілші Жолтай Жұмат-Әлмашұлы, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу, Қазақстан мәдениет және сауда орталығының төрағасының орынбасары, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркиядағы өкілі Ержан Уәйіс, Түрік тілі мен әдебиетінің профессоры, әдебиет зерттеушісі, академик Орхан Сөйлемез, Қазақстан Елшілігінің кеңесшісі Мерей Мұқажан, Анкарадағы шет мемлекет елшіліктерінің өкілдері, зиялы қауым, қазақ диаспорасы, қазақ-түрік студенттері және БАҚ өкілдері қатысты.
Алғаш сөзді алған ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Сұлтан Раев түркі әлеміндегі заманауи әдебиет саласындағы танымал авторлардың бірі Жолтай Жұмат-Әлмашұлының роман, хикая, пьеса сияқты әдебиеттің әртүрлі жанрларында өте маңызды шығармалар жазғанын және көптеген шығармаларының сахнаға қойылғанына назар аударды. Бүгін автордың «Махаббат пен өшпенділік» атты кітабының тұсаукесеріне келген қатысушыларға және осындай кештің жүзеге асуына үлес қосқан Қазақстанның Анкарадағы елшілігіне және Еуразия жазушылар одағына алғысын білдірді.
Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу өзінің сөзінде Жолтай Жұмат-Әлмашұлының үлкен өмірлік тәжірибесі бар жазушы екенін және роман, хикая және драма жазу саласында елеулі табыстарға қол жеткізгенін және шығармаларында қазақ халқының ұлттық құндылықтарына үлкен мән берілгенін атап өтті. Түркияда жазушының екінші кітабының басылып шыққанын атап өткен Я.Өмероғлу, Түркі әлемі жазушыларының кітаптары өз тілдерінде жарық көргеннен кейін түрік тіліне аударылып, Түркияда басылуын тілейтінін білдірді.
Елшілік кеңесшісі Мерей Мұқажан өзінің сөзінде биыл Түркия Республикасының 100 жылдығы мен ТҮРКСОЙ ұйымының құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтап, 1993 жылы Алматы қол қойылып, құрылған Түркі әлемінің тұңғыш халықаралық ұйымы ТҮРКСОЙ маңызды іс-шараларды жүзеге асырып келе жатқанын, аталған ұйым 2023 жылға арналған шараларын қазақтың белгілі жазушысы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының кітабының тұсаукесері арқылы бастаудың маңыздылығына тоқталды. Шығармалары кино мен театр сахналарының сәнін келтіретін Жолтай Жұмат-Әлмашұлының кітаптары көптеген тілдерге аударылып, бауырлас халықтардың ризашылығына ие болғанын баяндады.
Түрік тілі мен әдебиетінің профессоры, әдебиет зерттеушісі, академик Орхан Сөйлемез автордың түрік тіліне аударылған бұл еңбектерінде қазіргі заманның өзекті мәселелерін философиялық тұрғыдан қарастыратынын және жан айқайы арқылы халықтарымызды ұлттық болмысын сақтауға шақыратынын білдірді.
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы өз сөзінде осыдан 30 жыл бұрын Алматыда ТҮРКСОЙ ұйымының құрылтай құжаттарына қол қою үрдісіне өзінің де үлес қосқанын және бүгін ТҮРКСОЙ-дың 30-жылдығында Түркияда жарық көрген екінші кітабының тұсаукесері өтіп жатқанына өте қуанышты екенін жеткізді.
Жазушы тарихты діни-имандық туыстық және қан туыстығы ретінде екіге бөліп қарастыратынын, Түркі әлемінің рухани мәдени деңгейіне биіктеуіне әсер еткен зерттеулер жүргізу керектігін, қаламгерлер үлес қосу қажеттігіне назар аударды. Қазақстанда өмір сүрген Түркі әлемінің екі көрнекті тұлғалары Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи туралы жазған шығармаларына тоқталып өтті.
Іс-шара соңында Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Махаббат және өшпенділік» кітабының тұсаукесері рәсімі жүзеге асып, іс-шараға белсенді қатысқан зиялы қауымға С.Раевтың атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді және студент Әли Асқар қазақ халқының күйі мен әндерін орындады.