
2022 ж. 25 қазанда Анкарада «Республика күнін» атап өту мақсатында ресми қабылдау ұйымдастырылды.
Қабылдауға Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Нұри Ерсой, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сорея Сади Билгич, Анкара провинциясының губернаторы Васип Шахин, Анкара мэрі Мансұр Яваш, Қорғаныс министрінің орынбасары Шуай Алпай, депутаттар, елшілер, ректорлар, қандастар, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат өкілдерін қоса алғанда жалпы 700-ге жуық адам қатысты.
Ресми қабылдауда Елші Е.Сәпиев бауырлас Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекет екенін, бұл қадам ортақ тілі, мәдениеті мен тарихы бар екі елдің бауырластығы мен өзара ынтымақтастығын растап, бірлескен болашағына зор үлес қоса отырып, үлкен мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. 30 жыл ішінде ынтымақтастықтың кеңейтілген стратегиялық серіктестік дәрежесіне көтерілгеніне баса назар аударды.
Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастарының 30 жылдығында Мемлекет басшыларымыздың осы жылғы өзара сапарларының қатынастарға жаңа серпін бергені алға тартылды.
Сондай-ақ, екі ел арасындағы экономика, сауда, инвестиция, білім, мәдениет және туризм сияқты салалардағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.
Түркия атынан Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нұри Ерсой сөз сөйлеп, Қазақстанның ұлттық мерекесімен құттықтап, Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы ел мәртебесін мақтан тұтатынын білдірді. Терең тамырлы, тарихи және мәдени байланыстары бар халықтардың бір-біріне жақындығын сезінгенін атап өтті. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделіне тоқтала отыра, екі ел басшылығының тығыз ынтымақтастығы арқасында қарым-қатынастарымыз одан әрі нығаятынына сенім білдірді. Бұл тұрғыда Мәдениет және туризм министрлігінің қызмет саласы болып табылатын мәдениет, өнер және туризм мәселелері бойынша болашақта қарым-қатынасымызды нығайтатын қадамдар жасайтынын білдірді.
Сонымен қатар, қатысушыларға қазақ тағамдары ұсынылып, Түркияда білім алып жатқан қазақ оқушылары мен қандастарымыз қазақ өнерін жиналған қауымға танытты.
Одан бөлек Республика күніне арнайы Анкараның ең биік егіз ғимараты (TOBB Kuleleri) туымыздың түстерімен жарықтандырылды.
Қабылдауға түрік өкілдерінің белсенді қатысуы бауырлас елдің Қазақстанға ерекше жылы сезімінің белгісі болды.