
2022 жылы 5-қыркүйекте Анкарадағы Қазақстан Елшілігінің ұйымдастырумен және Еуразия жазушылар одағы мен «Көк Ту» Қазақ мәдениеті қоғамының қолдауымен «Тіл туының тұғыры - Ахмет Байтұрсынов» атты ұлт ұстазының туылған күні және Қазақстан халқы тілдері күніне арналған конференция өтті.
Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Памуккале университетінің оқытушысы проф. док. Нергис Бирай, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы док. Якуп Өмероғлу, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің оқытушысы проф. док. Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун, Хаджеттепе университетінің оқытушысы, проф. док. Өзкүл Чобаноғлу, зиялы қауым, БАҚ өкілдері және қазақ-түрік студенттер қатысты.
Атаулы іс-шарада алғашқы сөзді алған Елші Е.Сәпиев қатысушыларды ұлт ұстазы, ағартушы, ұлттық ғылымның негізін салушы, ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай бірнеше конференциялар, дөңгелек үстел және көрме ұйымдастырылғанын атап өтіп, А.Байтұрсынұлы – 20 ғасыр басындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі, қазақтың әліпбиін қолданысқа енгізіп қазақ тілінің аясын кеңейткенін және қазақ халқының тәуелсіздікке қол жеткізіп, сол кездегі дамыған елдермен терезесі тең болуы үшін жүргізген күресі мен еңбектеріне тоқталып өтті.
Памуккале университетінің оқытушысы проф. док. Нергис Бирай Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің әліпбиі, оның оқытылуы, тіл жөніндегі пікірлері, қазақ терминологиясы және қазақ әдебиетінің оқыту мәселелері туралы зерттеген ғылыми жұмыстарына кеңінен тоқталып өтті.
Анкара Хажы Байрам Вели университетінің проф.док. Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун өзінің баяндамасында Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, ғылыми еңбектері, қазақ ғылымына қосқан орасан зор үлесі жайында баяндама жасады.
Еуразия Жазушылар одағының төрағасы док. Якуп Өмероғлу өзінің сөзінде «Алаш» қозғалысы Қазақстандағы жаңашылдық пен жасампаздықтың, дамудың көшбасшы бағыты болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар, Я.Өмероғлу биылғы «Кардеш калемлер» журналының қыркүйектегі арнай саны Ахмет Байтұрсынұлына арналып отырғанын хабарлады.
Хаджеттепе университетінің оқытушысы, проф. док. Өзкүл Чобаноғлу сөзінде Ахмет Байтұрсынұлы араб әліпбиін қазақ тіліне бейімдеп шығарғанын және бұл кітап сол кездегі қазақ халқының ағарту ісіне қосқан ерекше үлесі екенін баяндады.
Іс-шараның аяғында Еуразия Жазушылар одағы тарапынан 5-қыркүйек Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай басылып шыққан «Кардеш калемлер» журналының қыркүйектегі арнай санының тұсаукесері өтті. Журналдың алғашқы бетінде Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиевтің алғысөзі жазылған. Әрі қарай Ұлт ұстазының ғылыми мұралары мен мақалалары, сондай-ақ әр жылдары табылған қолжазбалары мен тұтынған жәдігерлерінің суреттері орын алған.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған журнал санының редакторы түркітанушы ғалым проф.док.Нергиз Бирай аталған журналда түріктің белгілі ғалымдарының басын қосып, тіл реформаторын жан-жақты түсіндірген.
Конференцияның аяғында Түркия университеттерінде білім алып жүрген студенттер мен докторанттар А.Байтұрсынұлының өлеңдері мен шығармаларын оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.