
Анкарадағы Етимесгут ауданында 24-Халықаралық Анадолу күндері Мәдениет және өнер фестивалі өтті. Аталған іс-шара ү.ж. 26-тамыздан 4-қыркүйекке дейін жалғасады. Етимесгут ауданы түркі елшіліктері мен жергілікті мәдениет ошақтарының қатысу күндерін белгілеп берді.
2022 жылдың 29-тамызда «Қазақстан мәдениет және өнер күні» аталып өтті. Қазақстан Елшілігіне белгіленген орынға қазақтың киіз үйі тігіліп, ұлттық нақыштағы тұрмыстық заттар және ат әбзелдері орналастырылды.
Сонымен қатар, Елшіліктің ұйымдастыруымен қазақ жазушылары мен ақындарының түрік тіліне аударылған кітаптары және Қазақстанның көрікті жерлерін бейнелейтін фотосурет көрмелері ұйымдастырылды.
Кешке Қазақстан Елшілігінің атынан ұйымдастырылған концерттік бағдарлама түрік көрермендерінің көңілінен шықты. Концерттік бағдарламаны ҚР Мәдениет және өнер қайраткері, «ОТАУ» фольклорлық ансамбльдің көркемдік жетекшісі Елмира Шендуран өткізді.
Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев қатысып, сөз сөйледі. Ол сөзінде
Түркі әлемінің ұлттық бірлік пен ынтымақ байланыстарына көңіл бөліп, оны Анадолының мәдениеті және өнерімен жақындастырған Этимесгут қаласының әкімі Энвер Демирелге алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Елші өзінің сөзінде биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толып отырғанына назар аударып, Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған мемлекет бауырлас Түркия мемлекеті екенін атап өтті. Мұндай іс-шаралар екі мемлекеттің мәдени байланыстарының әрі қарай дамуына ерекше үлес қосатынын атап өтіп, бүгінгі мәдени іс-шараға белсенді ат салысқан өнер тобының жетекшісі мен мүшелерін және қазақ студенттерін алғыс хатпен марапаттады.