
2022 жылғы 11 тамызда Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев Түркия Республикасы Жоғары білім кеңесінің басшысы Ерол Өзвармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері мен жолдары талқыланды.
Елші Е.Сәпиев Қазақстанның Түркиямен жан-жақты ынтымақтастықтың дамуына ерекше мән беріп отырғанына назар аударды. Сонымен қатар, ол Қазақстанның білім саласындағы соңғы реформалар туралы ақпарат беріп, Түркияның жетекші техникалық университеттерінің филиалдарын елімізде ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Өз кезегінде, Е.Өзвар түрік тарапының аталған бағыттағы ынтымақтастықтың практикалық жағын толтыруға қызығушылық білдіріп отырғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, тәжірибе алмасу мақсатында қазақстандық және түрік жоғары оқу орындарының оқытушылары мен зерттеушілерін екі елдің университеттеріне жіберу тәжірибесін енгізу өзара тиімді ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.