Түрік сарапшылары Қазақстандағы конституциялық реформа бойынша референдумды қолдады

Түрік сарапшылары Қазақстандағы конституциялық реформа бойынша референдумды қолдады

 2022 жылғы 17 мамырда Қазақстанның Анкарадағы Елшілігінің ұйымдастыруымен және қоғамдық-саяси топтардың, белгілі сарапшылар қауымдастығының, жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен алдағы жалпыхалықтық референдумға шығарылатын Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын талқылауға арналған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ғимаратында өткен іс-шараға Қазақстан Елшісі Еркебұлан Сапиев, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің (Парламенті) депутаты және Қазақстан-Түркия достық тобының төрағасы Ирфан Картал, Анкара саясат және дағдарыс зерттеулері орталығының (АНКАСАМ) төрағасы проф.док. Мехмет Сейфеттин Ерол, Сахипкыран стратегиялық зерттеулер орталығының (SASAM) төрағасы Месут Эмре Каракөсе, SASAM-ның  сарапшысы, Түркия-Қазақстан достық қорының төрағасы Жесурхан Таш, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары және Анкарадағы қазақстандық студенттер қатысты.

Алқалы жиында алғаш сөз алған Қазақстанның Анкарадағы Елшісі Е.Сәпиев Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты және көпжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда қол жеткен нәтижелерге тоқталып өтті. Атап айтқанда, екі елдің сауда-экономикалық қатынастары бойынша Түркия Қазақстанның ірі экономикалық серіктестерінің бірі болып табылатынын және 2021 ж. нәтижелері бойынша Түркия Қазақстанның алғашқы 5 сауда серіктестерінің қатарына кіргенін және екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 4 млрд.АҚШ долларынан асып отырғанын, 2022 жылдың үш айының қорытындысы бойынша тауар айналымы 1,5 млрд. АҚШ долларына жеткенін және алдағы уақытта осындай динамика сақталса, онда 2022 жылдың қорытындысы бойынша 5 млрд. АҚШ долл. асатынын мәлімдеді. Бұл өз кезегінде екі мемлекет басшыларының  келешектегі сауда айналымын 10 млрд.АҚШ долларына жеткізу жөніндегі мақсатқа жетуді білдіреді.

Сонымен қатар, Елші жақында Қазақстан Республикасының  Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Түркия Республикасына жасаған мемлекеттік сапары барысында маңызды 15 құжатқа қол қойылғанын,  Мемлекет басшыларының қазақ-түрік қарым-қатынастарын «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеру туралы шешімдерін атап өтіп, маңызды келісімдердің бірі кедендік жүк тасымалдарын атап өтуге болатынын, бұл екі ел арасындағы жүк тасымалының ұлғаюына септігін тигізетінін және білім саласында маңызды келісімге қол қойылғанын, бұл салада тәжірибе алмасу, білім беру бағдарламаларын іске асыру, бірлескен жобаларды жүргізу көзделгенін атап өтті.

Елші өзінің сөзінде Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша биылғы 5 маусымда өтетін республикалық референдумға тоқталып өтті.

Дөңгелек үстелдің модераторы болып  Сахипкыран стратегиялық зерттеулер орталығының (SASAM) сарапшысы, Түркия-Қазақстан достық қорының төрағасы Жесурхан Таш белгіленді.

 Аталған іс-шара шеңберінде ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» жолдауы аясындағы ауқымды бастамалары және Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша  өтетін республикалық референдум сөз болды.

Шараға қатысқан белгілі түрік сарапшылары АНКАСАМ төрағасы проф.док. М.С.Ерол және SASAM төрағасы М.Э.Каракөсе Қазақстандағы жаңа саяси реформаларға жан-жақты тоқталып өтіп,  ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев тарапынан енгізіліп отырған саяси реформалар қазақ қоғамы үшін өте дер кезінде қолға алынған және қажетті реформа болып есептелетінін атап өтіп, Қазақстандағы демократиялық реформалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын білдірді.