Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басымдықтарын айқындап берді

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басымдықтарын айқындап берді

      Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясының жұмысына қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ассамблея сессиясын Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткізу игі дәстүрге айналғанын және мұның зор символдық мәні бар екенін атап өтті.

– Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде  қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз.  Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасіретінен сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жаңа сын-қатерлердың туындауына ықпал ететін геосаяси ахуалдың ушығып тұрғанына тоқталды. Оның пікірінше, мұндай жағдайда еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтып, отаншылдық рухты көтеруге баса мән беру керек.

–  «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Осы ретте саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына жол берілмейді. Әсіресе, азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ассамблея құрылған уақыттан бері азаматтық бірлікті нығайтуға елеулі еңбек сіңіргенін атап өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің үш негізқұраушы басымдығын айқындап берді. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясынан Сенат депутаттығына ұсынылатын үміткерлерді таңдаудың тиімді әрі ашық рәсімдерін әзірлеу қажет екенін атап өтті. Бұл мәселенің бәрі «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» жаңартылған заңда көрініс табуға тиіс. Президент бұл бағытта Ассамблея тарапынан түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілуі қажет деп санайды.

 Ақпараттық жұмыстарды күшейту және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы әлеуетін арттыру мәселесі екінші басымдық ретінде аталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек. Бұл – аса маңызды.

 Мемлекет басшысы біздің алуантүрлі мәдениетімізді танытатын бірегей ақпаратты кеңінен таратуға, ауқымы кеңейіп келе жатқан қазақтілді аудиториямен тығыз жұмыс істеуге шақырды. Оның пікірінше, Қазақстанның дамуына өзге этностардың қосып жатқан үлесі туралы мемлекеттік тілде айту өте маңызды. Осы бағытта жұмыс істейтін БАҚ-қа қолдау көрсетіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі айда жаңа диалог алаңы – «Ұлттық құрылтайдың» алғашқы отырысы өтетінін хабарлады. Бұл жиын елімізді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін қоғамды жұмылдыруға бағытталған.

 Үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін күшейту. Осы бағытта Ассамблея медиацияға негізделген кәсіби келіссөз жүргізушілердің бірегей институтын қалыптастыруға кірісті.

 Президент Қазақстан қоғамның барлық саласы батыл өзгерістер жолына түскенін атап өтіп, осыған байланысты Конституцияға елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін толықтырулар енгізу туралы бастама көтерілгенін мәлімдеді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар екенін, бұл мемлекеттілігімізді дамытудың жаңа кезеңін білдіретінін атап өтті. Президент Жаңа Қазақстан дегеніміз, шын мәнінде, Әділетті Қазақстан екеніне тағы да тоқталды. Жаңа Қазақстан әділдіктің территориясына айналуы керектігін, ол үшін тек заңның әріптерін ғана емес, рухын да ұстану қажет. Заңдар догма емес, ол азаматтардың өзекті мәселелерін шешу үшін жетілдіріліп отыруға тиіс. Заң, әділдік және тәртіп біздің бақуатты өмірімізді айқындайтын нақты факторларға айналады, – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев диалог мәдениетін қалыптастыру және қоғамда өзара түсіністік пен сенімді нығайту қажет екеніне арнайы тоқталды. Мұның бәрі елдің жарқын болашағы мен халықтың әл-ауқаты үшін қажет.

Мемлекет басшысы төзбеушілік пен «өзіміз және өзгелер» деп бөлінудің кез келген көрінісінің қатаң түрде жолын кесуге шақырды.  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы өзінің бірлігін сақтауға, нығайтуға тиіс. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана Жаңа Қазақстанды құра аламыз деп есептейді. Президент: «Біз барлық жоспарымызды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін  әділ әрі дамыған мемлекет боламыз! Сөз соңында сіздерді алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен және Ораза айт мерекесімен құттықтаймын!», – деп сөзін аяқтады.