Қазақстан Елшісі Түркия Президентіне Сенім грамотасын тапсырды

Қазақстан Елшісі Түркия Президентіне Сенім грамотасын тапсырды

Бүгін Анкарадағы Түркия Президентінің сарайында Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоғанға Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиевтің Сенім грамотасын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.

Салтанатты рәсімнен кейін, Түркия мемлекет басшысымен өткен кездесу барысында Елші Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ең ізгі тілектерін жеткізіп, елді одан әрі демократияландыруға бағытталған жаңа реформалармен, экономикалық жаңғыртудың өзекті бағдарламалары және Қазақстанның халықаралық бастамаларымен таныстырды.

Қазақстан Елшісі Түркия Президентіне АӨСШК саммитіне қатысуы үшін Қазақстан Президентінің атынан ресми шақыру хатының түпнұсқасын табыстады.

Өз кезегінде, Түркия Президенті еліміздің жетістіктеріне және Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси реформаларға жоғары баға берді.

Президент Р.Т.Ердоған инвестиция, сауда-экономикалық, энергетикалық, транзит-көліктік, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық және басқа салалардағы екіжақты және көпжақты өзара ықпалдастықты одан әрі нығайту жөнінде пікірлерімен бөлісті.

Кездесу соңында Қазақстан Елшісі Түркияның Президентіне жылы қабылдауы үшін алғысын білдіріп, бауырлас екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға бар мүмкіндігін жұмсауға әзір екенін білдірді.

Түркия Мемлекет басшысы Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевқа өзінің ізгі тілектерін жеткізді және Қазақстанның Түркиядағы жаңа Елшісіне табыстар тіледі.