
Ү.ж. 28 қаңтарда Түркияның шығысындағы тарихи Ахлат қаласында Қазақстан Құрметті консулдығының салтанатты ашылуы өтті.
Құрметті Консулдықтың ашылуына Битлис провинциясының губернаторы, депутаттар, қала мен аудан мэрлері, ректор, провинцияның алдыңғы қатар өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Өкілдіктің тұсаукесер салтанатында Елші Абзал Сапарбекұлы бүгінгі ерекше іс-шара Қазақстан мен бауырлас Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарының мерейлі 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқандығын атап, стратегиялық әрі сенімді нысанда қалыптасқан екіжақты ынтымақтастықтың астын сызды. Осы ретте, тарихи маңызы бар Ахлат шахарында Құрметті консулдықтың ашылуы екі бауырлас елдің рухани-мәдени, сондай-ақ экономикалық қарым-қатынастарының дамуына оң септігі болатындығына сенім білдірді.
Битлис провинциясының губернаторы Октай Чагатай өз сөзінде
іс-шараның ерекшелігін, яғни Қазақстанның Құрметті консулдығы осы аймақтағы шетелдік тұңғыш өкілдік болып саналатынын жеткізіп, бұл қадамдар Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты бұдан ары нығайтуға үлес қосатындығын атап өтті.
Құрметті консулымыз Муаз Ергезен екі елдің Президенттерінің құптауымен құрметті лауазымға лайық деп танығандығы үшін шексіз ризашылығын жеткізіп, бауырлас мемлекеттер байланыстардың дамуына өз үлесін қосатындығын атап өтті.
Битлистің тарихына келетін болсақ, Ахлат қаласының ерекшелігі сан алуан. Анадолыға көш еткен түріктер, алғаш болып осы жерге табан тірепті. Оның ішінде Османлы әулетінің негізін қалаушы Сүлеймен шах та бар. Оның баласы Ертуғрул да осында дүниеге келген. Османлы бұл шахарға - Ата шахар деген. Сондықтан, ел президенті Режеп Тайып Ердоған да аймақты жандандырып, дәстүрлі түрде осы жерде жыл сайын түркінің тойын өткізеді. Бұдан бөлек, Ахлат- Урартулықтар, Мұсылман Араб императорлығы, Шығыс Рим, армян және түріктердің орталығы болған.
Бүгінгі күні Қазақстанның Түркиядағы сегіз Құрметті консулдықтары бар. Олардың округтары ретінде Аланья, Конья, Мерсин, Бурса, Коджаели, Хатай, Денизли және Битлис провинциялары деп белгіленген. Алдағы уақытта Хатай, Конья және Денизлиде Құрметті консулдықтардың салтанатты ашылуы жоспарланған.