Қаратеңіздің тарихи шахары Трабзон қаласында ұлы ақын, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының ескерткіші орнатылды

Қаратеңіздің тарихи шахары Трабзон қаласында ұлы ақын, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының ескерткіші орнатылды

17 ақпанда Түркияның Қаратеңіз жағалауындағы, тарихи ірі шахар Трабзон қаласында Абай Құнанбайұлының ескерткіші орнатылды. Аталған ескерткіш Елшіліктің тапсырмасымен Қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұров тарапынан жасалған.

Осы ретте, ескерткіштің Трабзон қаласында ашылуына Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен, Трабзон университеті бастамашы болды.

Ұлы Абайдың ескерткішінің ашылуы салтанатына Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Трабзон губернаторы Исмаил Устаоглу, "Әділет және даму" партиясының Трабзон қаласындағы депутаты Бахар Айвазоглу, Трабзон муниципалитет мэрінің міндеттерін атқарушы Атилла Атаман, Трабзон университетінің проректоры проф. док. Хасан Карал, Қаратеңіз техникалық университеті проректоры проф.док. Халил Ибрахим Окумуш, Түрік әлемі инженерлері мен сәулетшілері одағы Трабзон филиалының басшысы Сайым Аданұр,  мүсінші Мұрат Мансұров, зиялы қауым, Трабзон тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елші Абзал Сапарбекұлы Абай ескерткішінің орнатылуы Ұлы ақынның 175 жылдығы аясында жоспарланғандығын, бірақ дүниежүзіндегі пандемия салдарына байланысты кейінге шегерілгендігіне тоқталды. Сөзін жалғастырған Елші А.Сапарбекұлы 2020-2021 жж. Аралығында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар туралы баяндады.

Еске салар болсақ, 2020 жылыАнталияда Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды. Аталған жылы Түркияның Чорум аймағында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ және Искилип ғалымдары мұражайында арнайы Абай бөлмесі ашылып, Анкарада «Абай даңғылы» мен «Абай ескерткіші» ашылу салтанаттары өтті. Түркияның Алания қаласындағы саябаққа қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының есімі беріліп, ескерткіші бой көтерді.

Ыстанбұлда қазақ диаспорасы шоғырланған Зейтинбурну ауданындағы алаңдардың біріне ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының есімі берілді және 2021 жылы ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Түркияға ресми сапары барысында Ыстанбұл қаласының төрінде Ұлы Абай бабамыздың атындағы алаң және ескерткіш ашылды.

     Бұған қоса, Абайдың шығармалары түрік тілінде жарық көріп, түрік тіліндегі әдеби журналдарда арнайы сандар жарияланды.

Абай жылы аясында өткен жоғарыдағы шараларды атап өткен Елші А.Сапарбекұлы, екі ел арасында мәдени байланыстарының нығаюына қолдау көрсетіп отырған барлық Түркиялық мекемелерге, түрік ағайындарға алғысын білдірді.

Ашылу салтанатында сөз алған Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Трабзонда Абай ескерткішінің орналасуына қолдау көрсеткен Трабзон Университеті мен Трабзон муниципалитетіне алғысын білдірді. Абайдың шығармалары 100 жыл бұрын жазылғанмен қазіргі актуалдігін жоғалтпандығын айта келе, Дүйсен Қасейінов Абай шығармаларының бүкіл түркі мәдениеті үшін маңызды екендігіне тоқталды.

Губернатор Исмаил Устаоглу: «Қоғамдардың өзгеруі мен дамуында белгілі бір тұлғалар маңызды орын алады. Бұл тұста, әсіресе, ақын-жазушыларымыздың орны бөлек. Олар қоғамның дамуы мен өзгеруіне маңызды үлес қосты. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ халқының үні, ақыны Абай Құнанбайұлының маңызы ерекше.

Университетіміздің бақшасында орнатылып отырған ақынның ескерткіші студенттердің оны зерттеуі, шығармаларымен танысуы үшін өз септігін тигізетіндігіне сенімдімін» деді.

"Әділет және даму" партиясының Трабзон қаласындағы депутаты Бахар Айвазоглу, КТУ кампусында қазақтың атақты ақыны ескерткішінің бой көтеруінің өздері үшін мақтаныш екендігіне тоқталды. 

Шығармаларында Абайдың адамға деген сүйіспеншілік, әділет туралы сөздеріне назар аударған Айвазоғлу, осы тұрғыдан Абайдың қаламынан шыққан сөздері халық арасында мәңгі сақталатындығын айтты.

Бұрынғы заманның қыпшақ түріктерінің құтты мекені саналатын, табиғаты тамылжыған тау бөктерінде орналасқан Трабзон қаласына қойылған Абай ескерткішінің авторы Мұрат Мансұров. Бұған дейін мүсінші Мұрат Мансұров Абайдың үш ескерткішін жасаған болатын.

Ескерткіштің ашылу салтанатын Трабзон аймағының ұлттық би өнерінің қойылымымен аяқталды.