Түркияның төрінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған концерт өтті

Түркияның төрінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған концерт өтті

Ү.ж. 27 қарашада Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен, Түркия Республикасының мәдениет министрлігінің Президенттік симфониялық оркестрінің концерттік залында Еуразия симфониялық оркестрінің концерті өтті.


Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған концертте Қазақстанның халық әртісі, еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры, есімі әлемге танымал скрипкашы Айман Мұсаходжаева өнер көрсетті. Сонымен қатар, опера әншісі Талғат Мұсабаев, дарынды композитор Рахат-би Әбдісағын өз өнерлерін тыңдармандарға паш етті. Концерт дирижер Айдар Торыбаевтың жетекшілігімен сүйемелденді.
Қазақтың қара домбырасымен халқымыздың дәстүрлі күйлерін орындаған “Шабыт” домбырашылар оркестрі көрермендерді өнерлерімен таң қалдырды.


Кешке Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және Анкарадағы дипломатиялық миссия басшылары, дипломаттар, Түркия мемлекеттік органдар басшылары, университет оқытушылары, зиялы қауым, диаспора, Анкарада білім алып жатқан студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.


Концерттің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елші Абзал Сапарбекұлы “Ғаламға ортақ тіл – музыка мен өнер қашанда адамдардың басын қосқан. Осы тұрғыда өнер Қазақстан-Түркия қарым-қатынасындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Шындығында, біздің халықтарымыз ежелден ортақ құндылықтарды біріктіріп келеді. Қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбыраның Түркияда ерекше ықыласпен тыңдалуы бауырластығымызды одан әрі нығайтудa екендігін атап өтіп, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтой қуанышын қазақ жұртымен бірге бөлісіп, тілектес болып отырған түрік жұртына терең ризашылығын білдіріп, қазақ-түрік бауырластығы мәңгі болсын деп жүрек жарды тілектерін жеткізді.


Еуразия симфониялық оркестрі отандық және әлемдік музыка классикаларын орындап көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.