Қарағанды облысы Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі гастрольдік сапармен Түркияға барды.

Қарағанды облысы Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі гастрольдік сапармен Түркияға барды.
16-23 қыркүйек аралығында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі және Қарағанды облысы әкімдігінің ұйтқысымен Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі гастрольдік сапармен Түркияның бірнеше қалаларында мерекелік концерт өткізді.
 
«Ұлы Дала әуендері» атты мерекелік концерт Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлау аясында жүзеге асырылды. Мерекелік концерт Түркияның Аланья қаласында басталып, Анталья, Конья, Хатай, Газиантеп, Ыстамбұл қалаларында жалғасын тапты.
 
23 қыркүйек күні Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы аясында өткен концертпен Оркестр өзінің гастрольдік сапарын аяқтады.
 
16-23 қыркүйек аралығында гастрольдік сапар ҚР Түркиядағы Елшілігі, ҚР Бас консулдығы, ҚР Анталья консулдығы, Қарағанды облысы әкімдігі, Аланья, Анталья, Конья, Хатай , Газиантеп муниципалитеттері мен Ыстамбұл қаласының Бағжылар ауданы әкімдігінің, сондай-ақ ҚР Аланьядағы Құрметті консулы және ҚР Коньядағы Құрметті консулдарының қолдауымен өтті.
 
Елші Абзал Сапарбекұлы концерттерде сөйлеген сөзінде Тәуелсіздігіміздің маңыздылығына тоқталды. Елші А.Сапарбекұлы «Бұл мемлекет тарихы тұрғысынан қысқа уақыт кезеңі болғанымен, Қазақстан осы қысқа мерзімде айтарлықтай табысқа жетті. Қазақстан бәрінен бұрын халықаралық қоғамдастықтың құрметті мүшесі мен тәуелсіз мемлекетке айналды. Біз ата-бабаларымыз жылдар бойы аңсаған бостандыққа қол жеткіздік» деді.
Елші А. Сапарбекұлы Түркия маңызды қалаларында егемендігіміз бен мәдениетімізді насихаттауға арналған шараның ұйымдастырылуына қолғабыс көрсеткен баршаға ризашылығын білдірді. «Бүгінде осы тәуелсіздігіміздің мерейлі жылын Түркияда кең ауқымды шаралармен тойлануына шын жүректен қуаныштымыз» деді.
 
Түркияның көркем жерлерінде өткен әр концертке 500-ден астам адам жиналды. Жиналған қауым оркестрдің өнерін тамсана тыңдады.
 
Екі ел әнұрандарымен басталған концертте қазақтың ұлттық ән-күйлері көрермендерге тарту етілді. Атап өтер болсақ, Тәттімбеттің «Саржайлау», Ықыластың «Жез киік», Динаның «Наусқы», Дәулеткерейдің «Көр оғлы» т.б. күйлері орындалды. Оркестрдің дирижері “100 жаңа есім” жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей басшылығымен және Оркестрдің сүйемелдеуімен қазақ және түрік халқының әндері де шырқалды.
Сонымен қатар, Халықаралық конкурстардың лауреаттары Сырым Хордин мен Майа Исмаилова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Талғат Ыдырысов, ҚР мәдениет қайраткері Меруеш Башайқызы, халықаралық конкурстар лауреаты Ерлан Жандарбай мен Гүлжан Қорғанбекова өнер көрсетті.