Түркияға өрт сөндіруге көмек көрсету үшін жіберілген екі тікұшақ құрамы жұмысын аяқтады

Түркияға өрт сөндіруге көмек көрсету үшін жіберілген екі тікұшақ құрамы жұмысын аяқтады

Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркияға өрт сөндіруге көмек көрсету үшін жіберілген екі тікұшақ құрамын елге шығарып салу рәсіміне қатысты.


Аталған рәсімге Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Даламан аудан әкімі Али Гүлдоған және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушы жедел тобы мен жергілікті облыстық төтенше жағдайлар басқармасының, орман шаруашылығының және Даламан әуежайы басшылығы, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Қазақстан мен Түркия арасында тікұшақтардың ұшып өтуі оңай еместігіне тоқталған Елші Абзал Сапарбекұлы «Тікұшақтардың бірі Нұр-Сұлтаннан, екіншісі Алматыдан 7 тамызда ұшып, 11 тамызда Даламанға жетті. Түркияға жету үшін тікұшақтар шамамен 4,5 мың шақырым жерді жүріп өтті» деді.
Елші Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде құтқарушылар тобына алғыс білдіріп, «12-19 тамызда қазақстандық құтқарушылар 10 сапар және 80 эвакуация жүзеге асырды және 298 тонна суды Даламан аймағының белгіленген жерлерінде тасымалдады. Сонымен қатар, облыста күнделікті барлау жұмыстары жүргізіліп, өрт анықталған кезде сөндіріліп отырды. Қазақстандық тікұшақтар келгеннен бері барлығы 28 -ге жуық өрт сөндірілді.


Нәтижесінде, Түркия Республикасының аумағындағы өртті сөндіруге қатысу кезінде қазақстандық құтқарушылар авиация, орман өрттерімен күрес тактикасы, жердегі және ұшу қызметтерімен өзара әрекеттесу бойынша баға жетпес халықаралық тәжірибе жинақтады» деп атап өтті.


Сонымен қатар, Елші Абзал Сапарбекұлы Қазақстан да аптап ыстықтан құрғақшылықпен күресуде екендігін еске салып, соған қарамастан бауырлас елдер ретінде әрдайым көмек көрсетуге дайын екендігіне тоқталды.
Өз кезегінде, Даламан аудан әкімі Али Гүлдоған қазақстандық құтқарушы тобына өз ризашылдығын білдірді. Әкім Али Гүлдоған ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі құрамының жоғары кәсіби деңгейіне тоқталып, атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді. Сөзін қортындылай келе, қиын-қыстау кезеңде көмегін аямаған Қазақстан үкіметіне және қазақ халқына алғысын білдірді.


Еске сала кетейік, 7 тамызда Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан Түркия еліне ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі суағар құрылғылары бар "Қазавиақұтқару" АҚ-ның Ми-8 АМТ 2 тікұшағын және құрамында 16 құтқарушы бар жедел тобын орман өрттерін сөндіруге көмек көрсету үшін жіберген болатын. Сондай-ақ, бұдан бұрын өрттен зардап көрген аймақта Қазақ-Түрік бауырластық-достық орманын құру туралы шешім қабылданғанын және бұл бойынша жұмыстар жүргізілуде екендігін атап өтеміз.