Ү.ж. 8 сәуірде Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы іссапармен Түркияның Чорум қаласына барды. Елші Абзал Сапарбекұлы Чорум қаласында бірқатар іскерлік кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, 14 елге алма экспортын жүзеге асыратын Saraylim-River компаниясының иелері Мұстафа Ылыджа, Али Ылыджа және Огуз Ылыджамен кездесті. Кездесу барысында компанияның салқындатқыш қоймасын аралап көрді. Компания басшысы Мұстафа Ылыджа Елші Абзал Сапарбекұлыны компанияның жұмысымен және қойманың функционалдық ерекшелігімен жан-жақты таныстырды. Тараптар екі жақты сауданың әлеуетін және алдағы уақытта атқаралатын жұмыстарды талқыға салды.
Saraylim-River компаниясындағы кездесуден кейін Елші А.Сапарбекұлы Alapala Makina фабрикасына барды. Өз кезегінде, Alapala Makina «Түркияның 500 үздік экспорттаушылары» қатарына кіргендігін атап өткен жөн. Елші А.Сапарбекұлы аталған фабриканың ұн және жем өндіру техникалық әлеуетімен танысты. Alapala Makina компаниясының басшысы Фатих Зихар мен Елші А.Сапарбекұлы Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерді тілге тиек етті.
Елші А.Сапарбекұлы іссапары барысында Чорумдағы алтын тазартатын Ahlatçı Altın Rafinesi зауытына барды. Ahlatçı Grup компаниясының төрағасы Ахмет Ахлатчы, Чорум ұйымдасқан индустриалды аймағында өндіріс саласының өз саласында ең заманауи технологиямен жұмыс істейтін және Түркияда ең үлкен үшінші алтын өңдеу зауыты екендігін атап өтті. Зауыт өндірісі туралы ақпарат берген Ахмет Ахлатчы өндіріс нысанымен таныстырды.
Сондай-ақ, іс сапар барысында, Абзал Сапарбекұлы Чорум губернаторы Мұстафа Чифтчимен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы бауырластық, достыққа негізделген мәдени, гуманитарлық,экономикалық ынтымақтастық әңгімеге арқау болды.
Аталған іссапарға Елші А.Сапарбекұлымен бірге, Түркияның Әзербайжан және Молдавия елдеріндегі бұрынғы елшісі, дипломатия ардагері Хулуси Кылыч және ҚР Түркиядағы Елшілігінің кеңесшісі Нуриддин Аманқұл қатысты.