Қазақстанның Невшехир провинциясындағы (Түркия) Құрметтi консулы Халил Улуердің қазасы туралы

Қазақстанның Невшехир провинциясындағы (Түркия) Құрметтi консулы Халил Улуердің қазасы туралы

Бүгін Қазақстанның Невшехир провинциясындағы (Түркия) Құрметтi консулы Халил Улуердің және жұбайының жол апатынан қаза тапқаны туралы суық хабар қабырғамызды қайыстырды.

Құрметтi консулымыз Халил Улуер - көптеген жылдар бойы Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестіктің нығаюына, екі бауырлас ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардың қарқынды дамуына елеулі қызмет көрсетіп келген қазақ халқының нағыз жанашыры.

Х.Улуер экономика ғылымдарының докторы, Невшехирдің атақты «Улуер Груп» компаниясының Басқарма төрағасы болатын. Компанияның жергілікті БАҚ, туризм, әуе туризмі, қорғаныс, медицина, әуе шарларымен айналысатын бірнеше еншілес компаниясы бар. Х.Улуер басқарып отырған компания - ұлттық деңгейде ең қарқынды дамып жатқан компаниялардың қатарында, сондай-ақ өз аймағында бәсекелесі жоқ көш бастаған компаниялардың бірі. Марқұмның екі ұлы, бір қызы бар. 52 жасында қайтыс болды.

Х.Улуер - Құрметті консул ретінде қызметін бастағалы бері еліміздің көптеген іс-шараларына атсалысып, өзінің консулдық аймағында Қазақстанды, еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін насихаттау бойынша көптеген қызмет көрсеткен, сондай-ақ қиын жағдайға түскен азаматтарымызға әрдайым қол ұшын беріп жүрген Анадолыдағы біртуар бауырымыз. Атап айтқанда, Х.Улуердің атсалысуымен Түркияда бірқатар даңғыл, көше мен саябаққа Қазақстан мен қазақ тұлғаларының есімі берілді. Өткен жылы Анкараның төрінде құрметті консулымыздың демеулігімен Абай атамыздың бюсті орнатылды. Дәстүрлі түрде еліміздің атаулы күндерінде әлемнің әйгілі туристтік орталықтарына айнала білген Каппадокия шаһарында әуе шарларында мемлекеттік туымызды желбірете отырып, қазақ мәдениетін паш еткен Халил Улуер Қазақстандық өнер топтарының Түркияда концерттеріне қолдау болып, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасқа зор үлес қосқан бірегей тұлға. Короновирус індеті кезінде де елімізге көрсетілген гуманитарлық көмекте, студенттеріміздің елге қайтуында алдыңғы шепте орын алды.

Еліміз тарапынан Х.Улуердің атына көптеген марапат медальдары мен алғыс хаттар берілгенін атап өтеміз.

Анадолы жұртына еліміздің болмысы мен мәдениетін танытуда бірегей қызмет еткен қадірлі бауырымыздың және жұбайының жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын деп дұға етеміз.

27.04.2021