А.ж. 13 қарашада Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ пен Ыстанбұл сауда палатасы ұйымдастыруымен «Қазақстандағы сауда және инвестиция мүмкіндіктері» атты вебинар өтті.
Вебинар барысында түркиялық кәсіпкерлерге Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, еліміздің экспорттық әлеуеті және инвестициялық мүмкіндіктері туралы маңызды ақпараттар берілді.
Вебинардың ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы екі ел арасындағы сауда-инвестициялық қарым-қатынастарға тоқталды. 1992 жылдан осы күнге дейін екіжақты сауда айналымы 100 есе артқандығына назар аударған Елші А.Сапарбекұлы Қазақстан Орталық Азияның сөзсіз экономикалық көшбасшысы ретінде барлық халықаралық стандарттарға сәйкес ең қолайлы инвестициялық ортаны құрғанын мәлімдеді. Еліміздің экспорттық әлеуетіне де тоқталған Қазақстан Елшісі мемлкетіміздің табысты реформаларын атап өтті. Сондай-ақ, ауыл және мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, шекер, жеміс, көкөніс, жылыжай, жиһаз өндірісі, тау-кен және құрылыс салаларындағы ішкі нарық және импортқа тәуелділікті тілге тиек отырып, түрік кәсіпкерлерді еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін қолдануға шақырды.
Ыстанбұл сауда палатасының Басқарма төрағасының орынбасары Исрафил Құралай өз кіріспе сөзінде: «Қазақстан мен Түркия - терең тарихи қатынастарға ие бауырлас елдер. Біздің стратегиялық ынтымақтастықтың негізгі тіректерінің бірі, сөзсіз, сауда және инвестициялық ынтымақтастық болып табылады. Бауырлас Қазақстанмен әр салада ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға әрқашан дайынбыз» - деп мәлімдеді.
Іс-шара аясында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Инвестициялық тарту және маркетинг Департаментінің директоры Жандос Темірғали мемлекетіміздің шетел инвесторларына арналған жан-жақты қолдау шаралары жайында егжей-тегжейлі баяндап, бірқатар салалардағы әлеуетті жобаларды таныстырды.
«Qaztrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директоры Арман Абенов орталықтың қолдау шаралары еліміздегі кәсіпкерлер мен экспорттаушыларға арналған қолдау тетіктері мен механизмдері туралы ақпарат берді.
Жалпы іс-шараға Ыстанбұл қаласының 100-ден астам кәсіпкерлері қатысты.