Абай және түркі әлемі

Абай және түркі әлемі
25 қарашада Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті және Селчук университетінің ұйымдастыруымен «Абай және түркі әлемі» атты халықаралық дөңгелек үстел өткізілді.
Қазақстан, Түркия және басқа да мемлекеттердің ғалымдары қатысуымен өткен халықаралық онлайн шараның беташар сөзін сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Ұлы ойшылымыз осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырғандығына назар аудара отырып, Абайдың түркі әлемі тарихында өшпес із қалдырғанын атап өтті. Абай туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерін еске салған Қазақстан Елшісі, түркі әлемі ғалымдарының бауырлас мемлекеттер арасындағы байланыстың нығаюына қосқан үлестерін баса айтып, игі шараны ұйымдастыруға атсалысқан баршаға ризашылығы мен алғысын жеткізді.
Алқалы жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңес төрағасы проф. Мухиттин Шимшек заманауи қазақ әдебиетінің негізін қалаған Абай бабамыздың әдебиет саласына көптеген жаңашылдық әкелгеніне назар аудара отырып, Өкілетті кеңестің Абайды насихаттауға бағытталған жұмыстары туралы баяндады. Сондай-ақ, түркі әлемінің ортақ мұраларын сақтау және насихаттау маңыздылығына тоқталған М.Шишек Абайдың барша түркі әлемінің бірегей ортақ тұлғасы екенін мәлімдеді.
Селчук университетінің ректоры проф. Метин Аксой өз кезегінде университет жұмыстары туралы ақпарат беріп, Хәкім Абайдың жазған өнеге өсиеттері мен пікірлері барша түркітілдес халықтар үшін маңызды екенін баса айтты.
Түркі әлемінің рухани астанасы, Түркістаннан Анадолыға ыстық сәлемін жеткізумен сөзін бастаған Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры проф. Болатбек Әбдірасилов, Абай тек жалғыз ұлттың емес күллі адамзаттың мұрасына айналғанын айтты.
Ашылу салтанатының модераторы Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректор өкілі проф. Дженгиз Томар болды.
Ашылу салтанатынан кейін Еуразия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Суат Бейлурдың төрағалығымен панельдік сессия өтті.
Сессияда Қазақстан, Түркия және Әзірбайжаннан қатысқан академик-ғалымдар, атап айтқанда проф. Тұрсын Жұртбай, проф. Фырат Пурташ, проф. Бауыржан Ердембеков, проф. Фируза Агаева, доц. Экрем Аян, проф. Данагул Манат, доц. Джемиле Кынаджы, проф. Светлана Смагулова, др. Йылмаз Баджаклы, доц. Саргилана Егорова, др. Ахмет Шимшек және доц. Қыдыр Төреәлі Абай және түркі әлемі тақырыбында пікірталас өткізді.