«1 желтоқсан - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні» онлайн конференциясы

«1 желтоқсан - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні» онлайн конференциясы
1 желтоқсанда Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі және Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия зерттеулері институты ұйымдастыруымен «1 желтоқсан - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні» атты онлайн конференция өткізілді.
Қазақ және түрік ғалымдарының қатысуымен өткен онлайн шараның беташар сөзін сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы әлемнің түкпір түкпіріндегі жаңғыру және жаңару кезеңдерін атап өтіп, 90-шы жылдардан бастау алатын Қазақстанның жаңғыру жолы туралы баяндады.
Тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңдеріндегі қиын қыстау заманда халқымызға көш бастап, түрлі табыстарға қол жеткізген Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығында еліміз бірқатар дағдарысты жетістікке айналдыра білгендігіне назар аударған А.Сапарбекұлы, Тұңғыш Президентіміздің «алдымен экономика, сосын саясат» қағидасын еске салды. Егемен еліміздің 30 жылдық өркендеу кезеңін 3 модернизациялану кезеңімен суреттеген Қазақстан Елшісі, 1-ші кезең: мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру, нарықтық экономиканың негіздерін құру және әлемдік қоғамдастықпен интеграциялану; 2-ші кезең: Қазақстан жүргізілген экономикалық және саяси реформалардың жемісін жинай бастаған кезең; 3-ші кезең: экономиканы тиімді дамыту, шетелден инвестиция тарту, инновациялық индустрияландыру, терең әлеуметтік модернизациялану және халықтың бірлігін сақтау басымдықтарының белгіленген кезең болғанын егжей тегжейлі тілге тиек етті. Қорытынды сөзінде Елші А.Сапарбекұлы «Н.Назарбаевтың басшылығында Қазақстан экономикалық, қоғамдық және саяси реформаларды табысты түрде іске асырды.»-деп мәлімдеді.
Онлайн жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңес төрағасы проф. Мухиттин Шимшек Қазақстанның іске асырған реформалары әлемдік деңгейде жоғары бағаға ие болғанын тілге тиек етті. Түркі әлемінің маңызды тұлғаларының бірі, Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстанның өркендеуі жолындағы бастаған бастамалары мен қолға алған реформалары қазақ халқының игілігіне жарағанын баса айтқан М.Шимшек, алқалы шараның ұйымдастырылуына үлес қосқан баршаға алғысын айтты.
Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман өз кезегінде Елбасы Н.Назарбаевтың жетістікке толы өмірінен ерекше әсер алғандығын айта отырып, Н.Назарбаевты һәм өмірде, һәм саяси аренада қайсар мінезді тұлға ретінде суреттеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі интеграциясы тарихында өшпес із қалдырғанына назар аударған Ө.Коджаман Елбасының түркі халықтарының саяси-экономикалық ынтымақтастығы жолындағы бастамаларын атап өтті.
Ашылу салтанатынан кейін Еуразия ғылыми-зерттеу институты директоры Вакур Сумердің төрағалығымен панельдік сессия өтті.
Сессияда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы проф. Лаура Ерекешова, Гази университеті Ататүрік қағидалары және революция тарихы ғылыми зерттеу орталығының директоры проф. Селма Йел, Сыртқы саясат институтының директоры проф. Хусейн Бағджы, Еуразия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Суат Бейлур және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы др. Гаухар Батырбекқызы Қазақстанның қалыптасуы жолында Елбасы Н.Назарбаевтың ролі тақырыбында пікірталас өткізді.