Ү.ж. 11 желтоқсанында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы түрік БАҚ тілшілерімен брифинг өткізді.
Брифингтің басты тақырыбы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 29-жылы қарсаңында тәуелсіздігіміздің басты белестері мен алдағы көкжиектері, сондай-ақ бүгінгі күндегі қазақ-түрік қарым-қатынастары жай-күйі болды.
Қазақстандық дипломат тәуелсіздігіміздің ең маңызды жетістігі ретінде ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың парасатты және ақылды көшбасшылығында еліміздің халықаралық қауымдастықтың сенімді және маңызды мүшесі ретінде мойындалғанына баса назар аударды. 1990-жылдардың басындағы барша қиыншылықтарға қарамастан, Қазақстан мемлекеттік қалыптасуын тәмамдады. Осы ретте, А.Сапарбекұлы Қазақстанның көршілерімен шекарасын халықаралық құқықтық шарттармен бекітіп, түрлі аймақтық ынтымақтыстық ұйымдары шеңберінде тату көршілік пен саяси-экономикалық байланыстардың басты ойыншысына айналғанын мысал ретінде келтірді. Сонымен-қатар Елші мырза Қазақстанның Еуразия экономикалық одағы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, ИЫҰ, ЕҚЫҰ және АӨСШК пен Түркі Кеңесі шеңберіндегі бастамашыл рөліне кеңінен тоқталды.
Қазақстанды әлемдік бейбіт өмірдің, оның ішінде ядролық қарудан азат әлем жолында мақсат-мұраттарын іс жүзінде дәлелдеген ел деп сипаттаған А.Сапарбекұлы Қазақ елінің БҰҰ шеңберіндегі ядролық қарусыздану бастамаларын кеңінен баяндап берді.
Брифинг барысында Елші еліміздің экономикалық жетсітіктеріне де тоқталды. Ел экономикасы 1991 жылғы 23 млрд АҚШ долларынан 2019 жылы 180 млрд долларға дейін өсіп, сатып алу қабілетіне қарай әлемнің 40-шы экономикасы болғанын атап өтті. Бұл жерде ұзақ мерзімді даму жоспарларының маңыздылығына назар аударған А.Сапарбекұлы «Қазақстан-2050 стратегиясы» шеңберінде Қазақ мемлекетінің әлемінің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына қосылу мақсаты бар деді. Елдегі саяси-экономикалық тұрақтылық арқасында 350 миллиард доллар шетелдік тікелей инвестиция тартылғаны туралы ақпарат та түрік журналисттердің назарына ұсынылды.
Қазақстанның Түркиядағы Елшісі БАҚ өкілдерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа кезеңдегі басымды саяси, экономикалық, әлеметтік және рухани өмірдегі реформаларымен егжей-тегжейлі таныстырды. Президент Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымын енгізгені және мұның мақсатының әділетті қоғам орнату болып табылатыны туралы ақпаратпен бөліскен Елші мырза «Ұлттық Қоғамдық Кеңес» шеңберінде қабылданған саяси және қоғамдық реформаларды баяндап өтті.
Бұл қадамдардың Қазақстанның демократиялануыда маңызды қадамдар болғанына назар аударған А.Сапарбекұлы осы саяси реформалардың нәтижесінде 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауының маңызды бір саяси оқиға болатынын жеткізді. Қазақстан тарихында жетінші рет өткізіліп отырған парламенттік сайлауға алты саяси партия қатысып отырғанын айтқан Елші мырза жаңарған мәжіліс пен мәслихаттар құрамы реформаларға серпін беретінін мәлімдеді.
Қазақстандық дипломат екі ел арасындағы қарым-қатынастардың негізі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатымен берік қаланғанын және екі бауырлас мемлекет басшылары Қ.Тоқаев пен Р.Т.Ердоғанның басшылығында тұрақты деңгейде дамып отырғанын көрсетті. Елші бөліскен мәліметтерге қарағанда, 2019 жылы сауда айналымы 3,1 млрд. долларды құрап, тікелей түрік инвестициясы 350 млрд. доллармен рекорд орнатқан. Сонымен қатар, түрік инвесторларының Қазақстан экономикасына қызуғышылығы әрдайым жоғары. Сондықтан пандемияға қарамастан сауда айналымы 10 айда 2,5 млрд доллар, ал түрік инвестициясы 215 млн долларды құраған.
Брифингтен кейін Елші мырза түрік журналисттердің түрлі саладағы сұрақтарына жауап беріп, олармен пікір алмасты. Елші А. Сапарбекұлы брифинг соңында бауырлас Қазақстан мен Түркия арасында дәнекер болып отырған БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді.
Алқалы жиын нәтижесінде, Түркияның ең беделді ақпарат агенттігі «Анадолу ақпарат» агенттігінде және бірқатар БАҚ-та «Қазақстанның Түркиядағы Елшісі А.Сапарбекұлы, түрік кәсіпкерлерін Қазақстанға инвестиция құюға шақырды», HaberTürk газетінде «Қазақстан түрік инвесторлары үшін бірегей алаң бола алады», Milliyet газетінде «Қазақстанды түрік өнеркәсіпшілерінің бірегей алаңы ретінде таңдаңыз», Sabah газетінде «Қазақстанда жаңа 15 қалалық аурухана салынады», Cumhuriyet газетінде «Қазақстан вакциналар шығаруда» және «Қазақстан Елшісі А.Сапарбекұлы: «Ынтымақтастыңымызды нығайтайық»» атты мақалалар жарыққа шықты.