ТҮРКИЯДА ПРОФЕССОР МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВТЫҢ «ҰЛЫ ДАЛА ӘДЕБИЕТІ» КІТАБЫНЫҢ ТҮРІК ТІЛІНДЕГІ АУДАРМАСЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

ТҮРКИЯДА ПРОФЕССОР МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВТЫҢ «ҰЛЫ ДАЛА ӘДЕБИЕТІ» КІТАБЫНЫҢ ТҮРІК ТІЛІНДЕГІ АУДАРМАСЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
Ү.ж. 24 желтоқсан күні Қазақстанның мемлекет қайраткері және ғылыми өмір жолын түркология саласына арнаған белгілі ғалым, жазушы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың «Ұлы дала әдебиеті» кітабының түрік тіліндегі аудармасының тұсау кесері өтті. Кітап Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Еуразия Жазушылар Одағы қолдауымен жарыққа шықты.
Тұсаукесер Памуккале Университеті Алтай халықтарының тілі мен мәдениетін зерттеу орталығы тарапынан Тоныкөк бітіктасының орнатылғанына 1300 жыл толуына орай онлайн форматта ұйымдастырылған «Халықаралық Білге Тоныкөк ғылыми симпозиумы» аясында өтті.
Кітаптың тұсаукесері және лентаны қию рәсімі Анкарадағы Еуразия жазушылар одағында және Денизлидегі Памуккале университетінде бір уақытта өтті.
Тұсаукесер бағдарламасында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы тәуелсіздік алғаннан кейін қазақстандық ғалымдардың түркологияны зерттеуге белсенді үлес қосып жатқанын және осы ғалымдардың бірі және бірегейі Мырзатай Жолдасбеков екенін баса айтты. Елшінің сөзіне қарағанда, Жолдасбеков бір жағынан түрктанушы және ғалым ретінде, екінші жағынан мемлекет қайраткері ретінде Қазақстанның түркілік болмысын нығайту және түрк өркениеті мұрасын жаңғырту жолында осы уақытқа дейін қарқынды жұмыс істеп келеді.
Профессор Мырзатай Жолдасбековтың «Ұлы дала әдебиеті» кітабы туралы пікірімен бөлісе отырып, Елші мырза бұл еңбектің Жолдасбековтың елу жылға созылған жүйелі зерттеулерінің нәтижесі екенін атап өтіп, былай деді: «Автор Ұлы Дала әдебиетінің тасқа жазылған мәтіндерін, ортағасырлық қағазға түсірілген нұсқаларын, сонымен қатар ХХ ғасырдағы ауыз әдебиетінің жанры ретінде дамыған ақын-жыраулардың жырларының терең табиғатын жан-жақты және жүйелі түрде талдайды. Жолдасбековтың шығармашылығы қазіргі қазақ әдебиеті мен оның ежелгі тамыры арасындағы сабақтастықты қайта қалпына келтіреді. Ғалым Орхон ескерткіштерінің сол дәуірдің мәдениетін бейнелейтін әдеби шығарма екенін айта келе, көне түрік ескерткіштері мен қазақ эпостарының арасындағы сабақтастықты дәйекті түрде дәлелдейді.»
Сапарбекұлы осы маңызды туындының Түркияда жарық көруіне көп үлес қосқан Еуразия жазушылар одағына, Одақтың төрағасы Якуп Өмероғлуна және аудармашы Др. Жазира Отызбайға алғысын білдірді.
Кітаптың тұсаукесеріне Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан профессор Мырзатай Жолдасбеков қазақтардың басқа түрік халықтарына қарағанда әділетсіздік пен қудалауға көп ұшырағанын айтып, кеңестік кезеңде қазақ әдебиеті тарихын XVIII ғасырдан бастау дәстүрге айналғанын еске салды. Жолдасбеков бұл жаңсақ пікірді қазақ ғалымдарының қабылдамағанын және ғалым Бейсенбай Кенжебаевтан бастап, осы тезисті жоққа шығаруға күш салғанын жеткізді. Осы тұрғыда автор қазақ әдебиетінің бастауын Көктүріктер дәуіріне дейін алып барғанын баса айтты.
Жолдасбеков түрк әлемі үшін маңызды еңбектер болып табылатын «Орхон ескерткіштерінің атласы», «Батыс түрік қағанаты» және «Қорқұт ата кітабы» сияқты кітаптар шығарғанын атап өтіп, Жамбыл Жабаев пен Кенен Әзірбаевтың Көктүріктер дәуірінде басталған жыраулық дәстүрдің XX ғасырдағы жалғасы екеніне назар аударды. Осы ретте 2021 жылы Қазақстанда Жамбылдың 175 жылдық мерейтойы тойланады деген ақпаратпен бөліскен Жолдасбеков Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Еуразия жазушылар одағына өткен жылы Жамбыл туралы кітапты түрік тіліне аударғандары үшін алғысын білдірді.
Сөзінің соңында Жолдасбеков өзінің шәкірті Әлқуат Қазақбаевты таныстырды. Қазақбаев Қорқыт атаның «Қоңыр» күйін қобызда тартып беріп, тұсаукесерге қатысып отырғандардың көңіл-рухын көтерді.
Бағдарлама соңында сөз сөйлеген Еуразия жазушылар одағының төрағасы, доктор Якуп Өмероғлу профессор Мырзатай Жолдасбековті «аға» деп атап, Жолдасбековтың тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл Түрк әлемі үшін маңызды тұлға екенін жеткізді. Мырзатай ағаның бұл еңбегі түркология саласына, оның ішінде әдебиет саласына тың көзқарас алып келетінін білдірді.
Кітап ленталарын Денизлиде Памуккале университетінде Профессор Нергис Бирай, Анкарада Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы және Еуразия жазушылар одағы төрағасы Др. Якуп Өмероғлу салтанатты түрде қиды. Кітаптың авторы профессор Мырзатай Жолдасбеков «Тәңір түрікке жар болсын! Аталар әруағы бізді қолдасын!» деген батасын берді.