
Бүгін, 2020 жылғы 25 желтоқсанда Түркияның Чорум аймағында қазақ халқының ұлы тұлғасы, түркі әлемінің ұлы ақыны, композитор, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ және Искилип ғалымдары мұражайында арнайы Абай бөлмесі ашылды.
Әйгілі ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын кеңінен атап өту шеңберінде Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Чорум аймағы Искилип ауданының Мэриясы бірлесіп қазақ халқының ұлы тұлғасын дәріптеу мақсатында арнайы іс-шара өткізді.
Саябақ пен мұражайдың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы, Қазақстанның Тұнғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі», – деген өнегелі сөзін еске сала отырып, жиынға қатысушыларға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» деген дәйексөзін атап өтіп, бауырлас Түркия халқы мен Чорум аймағының басшылығына қазақ халқы мен Абайға көрсеткен зор құрметтері үшін шынайы терең ризашылығын білдірді және осындай бастамалар Қазақстан мен Түркияның жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі кеңейтуге жол ашатындығына тоқтады.
Салтанатты ашылу барысында Чорум Губернаторының орынбасары Реджеп Юксел Абай Құнанбайұлының құрметіне аймақта ашылған нысандардың қазақ және түрік халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсететін маңызды іс-шара екенін атап өтті
Чорум аймағы Искилип ауданының Мэрі Али Сюлюк өз сөзінде: Қазақстан мен Түркия тарихы терең бауырлас мемлекеттер екендігін және аймақта Абай саябағы мен Искилип ғалымдары мұражайында арнайы бөлменің салтанатты ашылуы екі мемлекет халықтарының мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге деген ұмтылысын растайтын айқын айғақ болғандығын атап өтті.
Чорум – Түркияның солтүстік Анадолы провинциясы және Орталық Қара теңіз аймағында орналасқан аймақ. Чорум, ең алдымен, фригиялық және хиттік археологиялық тарихи ескерткіштерімен, термалды көздерімен және ұлттық бұршақ тағамдарымен танымал. Чорум аймағында егіншілік, мал және құс шаруашылығы, машина жасау, ұн және жем өндіру, тері илеу және аяқкиім тігу, кірпіш және цемент өндіру салалары жақсы дамыған.
Искилип ғалымдары мұражайы Түркияда аталған бағытта ашылған тұнғыш тарихи нысан болып табылады. Бүгінгі таңда мұражайда Чорум аймағының 40-қа жуық белгілі ғалымдары мен діни-мәдени тұлғаларына арналған арнайы бөлмелер мен экспонаттар орналасқан. Солардың бірі – Ыстанбұлды алған Фатих Султан Мехметтің ұстазы Әулие Ақшемседдин. Аталған мұражайдың негізгі ашылу себебі ретінде аймаққа жаңа жергілікті және шетелдік туристерді тарту болып табылады.
Абай Құнанбайұлына арналған бөлмеде ұлы ақынның балауыз мүсіні орналастырылып, қазақ ұлттық мәдениетіне тиесілі экспонаттар мен әшекей бұйымдар орын тапқан. Бөлменің ашылуына Чорум аймағы Искилип ауданының Мэриясы мен безендіруге Қазақстанда денсаулық сақтау саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асырған түркиялық Orhun Medical компаниясы ат салысты.
Сонымен қатар, Абай атындағы саябақтың ашылуы Чорум аймағы Искилип ауданының Мэрі Али Сюлюктің бастамасымен мүмкін болды.
Абай саябағы мен мұражайда арнайы бөлменің салтанатты ашылуына Чорум аймағының зиялы қауым өкілдері, жетекші іскер адамдар мен аталған аймақта білім алатын қазақ студенттері де қатысты.