Анталияда Абай саябағы ашылды

Анталияда Абай саябағы ашылды

Бүгін, а.ж. 23 қыркүйегінде Анталия қаласында түркі әлемінің ұлы ақыны, композитор, қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлы атындағы саябақтың ашылу салтанаты өтті.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту шеңберінде Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Анталиядағы Консулдығы, Қазақстан және Еуразия халықтарының достық пен мәдениет қауымдастығының бастамасымен Анталия қаласындағы саябаққа Абай Құнанбайұлы есімі берілді.

Саябақта Абай Құнанбайұлының мәрмермен қапталған еcкерткіш тақтасы орнатылып, ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Анталия қаласы Мұратпаша ауданының мэрі Үміт Уйсал, Дүниежүзі қазақтар ассоциациясы бірінші орынбасарының кеңесшісі Қарлығаш Қожамұратова, Қожа Ахмет Яссауи университеті Өкілетті кеңесінің Төраға кеңесшісі, профессор Фырат Пурташ, Республикалық Халық партиясының Анталиядағы төрағасы Нусрет Баяр және орынбасары Рафет Зейбек, Қазақстан және Еуразия халықтарының достық пен мәдениет қауымдастығы мүшелері, жергілікті қазақ диаспорасы, қонақтар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алқалы жиын барысында шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, Абай шығармашылығынан белгілі өлеңдері оқылып, ән-күйі шырқалып, кітаптары сыйға тартылды.

Елші Абзал Сапарбекұлы өзінің беташар сөзінде, Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған бұл саябақтың ашылуына қолдау көрсеткен бауырлас Түркия еліне өз алғысын білдіре отырып, осындай халықаралық деңгейде атқарылған шаралар екі ел арасындағы байланыстың одан әрі жақындай түсуіне өз септігін тигізетініне сенім білдірді. «Түркі әлемінің ұлы перзенті Абай, қазақ халқының темірқазығы», – деген А.Сапарбекұлы, Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзін еске салды.

Ұлы ақын мұрасының бауырлас елде ерекше дәріптеліп жатқанына ризашылығын білдірген А.Сапарбекұлы, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылы жарық көрген мақаласындағы «Қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді», – деген сөздеріне назар аудара отырып, Абай жолымен жүрген жастардың, халқымыздың және жалпы адамзаттың өркендеуі жолында өлшеусіз үлес қосатындығына тоқталды.

Сонымен қатар ашылу салтанатында сөз сөйлеген Анталия, Мұратпаша ауданының мэрі Үміт Уйсал, саябаққа Абай Құнанбайұлының есімін беру қазақ және түрік халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсететін маңызды іс-шара екенін атап өтті. «Абай есімі түркі әлемін бірлікте ұстайтын ұлы есімдердің бірі» екенін айта отырып, екі ел арасындағы бірлік пен ынтымақтастыққа өзіндік үлес қосатынын жеткізді.