Бағдад, 2026 жылғы 17 қазан - Қазақстан делегациясының Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 52-сессиясына (17-18.10.2026 ж., Бағдад) қатысуы шеңберінде Ирак Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Ирак сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың екінші раунды өтті.
Екі ел делегацияларын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев пен Ирак Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхаммед Бахр Әл-Улюм басқарды.
Консультацияларға Қазақстанның Ирактағы Елшісі қызметін қоса атқарушы Талғат Шалданбай (резиденциясы Амман қаласы, Иордания) қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйін, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты әрі қарай дамытудың перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар, оның ішінде БҰҰ, ИЫҰ, АҚИҰ, АӨСШК шеңберінде өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Тараптар түрлі деңгейлерде өзара сапарларды ұйымдастыру, шарт-құқықтық базаны кеңейту және консулдық мәселелерге ерекше тоқталып өтті.
Саяси консультациялар шеңберінде Таяу Шығыс реттеу үдерісімен, Парсы шығанағы өңіріндегі ахуалмен және басқа да өзекті мәселелермен қатар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ИР Сыртқы істер министрлігі арасында саяси консультациялар туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.
Тараптар Астана мен Бағдад арасындағы ұзақмерзімді әріптестікті әрі қарай нығайту мақсатында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстарды қолдау жөнінде уағдаласты.
Амман, 2026 жылғы 17 қазан – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшілігі жыл сайын өтетін 62-ші халықаралық дипломатиялық қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты.
Іс-шара Амман қаласындағы «Әл-Хусейн жастар қалашығында» Иордания Ханшайымы, Биік Мәртебелі Басма бинт Талалдың қамқорлығымен және қатысуымен өтті. Жәрмеңке әлем елдерінің мәдениеттерімен және ұлттық дәстүрлерімен таныстыруға, сондай-ақ гуманитарлық байланыстарды нығайтуға арналған алаң болып табылады.
Дәстүрлі киіз үй үлгісінде безендірілген қазақ павильоны келушілердің үлкен қызығушылығын тудырды. Қонақтар Қазақстанның мәдени мұрасымен, ұлттық киімдерімен және әшекейлерімен танысып, кәдесый өнімдерін сатып алуға, сондай-ақ қазақ ұлттық тағамдарынан дәм татуға мүмкіндік алды.
Ханшайым Басма бинт Талалды павильонда Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері қарсы алды. Ханшайым Қазақ павильонының жәрмеңкеге келушілер арасында бірнеше жылдан бері танымал екенін және ұсынылған экспозициялар арасында ерекше орын алатынын атап өтті.
Анықтама: «Мабаррат Ум Әл-Хусейн» ұйымын 1958 жылы Иордания Патшайымы марқұм Зейн Аш-Шараф құрған (Иордания Королі марқұм Талал бен Абдалланың жұбайы және Иордания Королі марқұм Хусейн бен Талалдың анасы).
Бұл мекеме Иорданиядағы алғашқы қайырымдылық ұйымдардың бірі болып табылады және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 6–18 жас аралығындағы ұлдарды баспанамен және білім алумен қамтамасыз етеді.
Жәрмеңке аясында жиналған қаражат қайырымдылық ұйымының қызметін қолдауға бағытталады.
Амман, 2026 жылғы 14 қазан – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Үлкен Амман қаласының мэрі Ахмад Әл-Малкауимен кездесті.
Тараптар Астана мен Амман арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту перспективаларын талқылады. Кездесу барысында елордалар арасындағы бауырластық байланыстар шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық тұрғыда іске асыруға ерекше назар аударылды.
Елші Амман мэріне Қазақстанда 2026 ж. жүзеге асырылған ауқымды саяси өзгерістер туралы ақпаратпен таныстырып, олардың мемлекеттің институционалдық негіздерін әрі қарай жетілдірудегі, өкілді органдардың рөлін нығайтудағы және қоғамдық диалогты кеңейтудегі маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде, А.Әл-Малкауи Қазақстанда жүзеге асудағы реформаларға оң баға беріп, олардың елдің алдағы уақытта дамуындағы маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Астана мен Амман арасындағы бауырластық байланыстарды белсендіруге қолғабыс көрсетуге өзара дайындықтарын білдірді.
Амман, 2026 жылғы 13 қазан – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Иорданияның Мәдениет министрі Мұстафа Ар-Рауашдехпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Иордания арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылап, екіжақты қарым-қатынастардың дәйекті дамуына ризашылықтарын білдірді.
Мәдениет саласындағы ынтымақтастықты жандандыру, оның ішінде концерттер, көрмелер, фестивальдер және басқа да іс-шаралар өткізуге мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Министр М.Ар-Рауашдех екі ел өнер қайраткерлерінің қатысуымен мәдени іс-шаралар өткізуге және әдеби алмасуды кеңейтуге, оның ішінде қазақ және араб әдебиеті шығармаларын өзара аудару мен басып шығаруға қызығушылық танытты. Екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, ол 2027 ж. Қазақстанда Иорданияның Мәдени күндерін өткізуге дайындығын жеткізді.
Елші Министрге Қазақстанда 2026 ж. жүзеге асырылған ауқымды саяси реформалар туралы ақпарат беріп, олардың саяси жүйені әрі қарай жаңғыртудағы, мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейтудегі маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде, Министр Қазақстанда жүргізілудегі өзгерістерге оң баға берді және олардың елдің алдағы уақытта дамуындағы маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Иордания арасындағы достық байланыстарды әрі қарай нығайтуға ықпал ететін мәдени-гуманитарлық бастамаларды қолдауға өзара дайын екендіктерін растады.
Амман, 2026 жылғы 8 қазан – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Иордания Хашимит Корольдігінің Сыртқы істер және экспатрианттар істері жөніндегі министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Маан Мусаадпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Иордания арасындағы қарым-қатынастар аясында консулдық саладағы ынтымақтастыққа және оны әрі қарай дамыту перспективаларына қатысты мәселелердің кең ауқымы бойынша пікір алмасты.
Тараптар екі ел аумағындағы Қазақстан мен Иордания азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін талқылап, консулдық ынтымақтастықты нығайтудың және азаматтарға қажетті көмек көрсетуде құзыретті органдар арасындағы өзара іс-қимылдық тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Осыған байланысты кездесу барысында Қазақстан мен Иордания азаматтарына консулдық-құқықтық көмек көрсету бағытында екі елдің құзыретті органдары арасындағы практикалық ынтымақтастықты дамытудың перспективалық бағыттары да қарастырылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және консулдық саладағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға мүдделі екендіктерін растады.
2026 жылғы 16 қыркүйек Астана
Global Financial Centres Index рейтингінің 40-шы шығарылымында Қазақстан астанасы әлемнің 117 қаржы орталығы арасында 57-орынға ие болды. Астананың рейтингтік көрсеткіші 18 ұпайға – 684-тен 702 ұпайға дейін өсті.
Астана халықаралық қаржы орталықтарының Global Financial Centres Index 40 (GFCI 40) рейтингіндегі орнын жақсартып, бірден сегіз сатыға 65-орыннан 57-орынға көтерілді. Қала үш жылдан астам уақыт бойы иеленіп келе жатқан Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылығын сақтап қалды.
Өңірлік рейтингте Астанадан кейін әлемдік рейтингте 72-орын алған Кипр және 78-орынға жайғасқан Варшава орналасты. Астана мен ең жақын өңірлік бәсекелес арасындағы алшақтық 15 сатыны құрады.
Астананың көрсеткіші Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы қаржы орталықтарының орташа рейтингтік бағасы 1,09%-ға төмендеген тұста өсті. Бұл ретте индекс құрастырушылары өңірдің жетекші қаржы орталықтары өз позицияларын нығайтуды жалғастырғанын атап өтті.
Астана сондай-ақ зерттеуге қатысушылардың пікірінше, алдағы екі-үш жылда әлемдік қаржы жүйесінде маңызы арта түсетін қаржы орталықтарының алғашқы ондығына енді. Қазақстан астанасы респонденттер тарапынан 45 рет аталып, тиісті тізімде тоғызыншы орынға ие болды.
Қаржы технологияларын дамыту бойынша жеке рейтингте Астана төрт сатыға 55-орыннан 51-орынға көтерілді.
«Астананың бірден сегіз сатыға көтерілуі және өңірдегі көшбасшылығын сақтап қалуы – халықаралық қаржы қоғамдастығының АХҚО-ға және Қазақстанға деген сенімінің артып келе жатқанын көрсететін маңызды белгі. Біз үшін рейтингтегі орын түпкі мақсат емес, бұл жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан жұмысымыздың тәуелсіз бағасы: біз құқықтық және реттеушілік ортаны жетілдіріп, капитал нарықтары мен қаржы технологияларын дамытып, халықаралық байланыстарды кеңейтіп келеміз. Біздің мақсатымыз – бұл ілгерілеудің Астананың әлемдік қаржы орталықтары арасындағы орнымен ғана емес, ең алдымен жаңа инвестициялармен, халықаралық компаниялармен және қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктермен өлшенуі», – деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров.
GFCI 40 аясында 139 қаржы орталығы зерттеліп, олардың 117-сі негізгі индекске енді. Рейтинг Дүниежүзілік банк, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы және Біріккен Ұлттар Ұйымын қоса алғанда, халықаралық ұйымдар ұсынған 144 сандық көрсеткіш, сондай-ақ қаржы секторының 6 147 маманы берген 39 531 бағалау негізінде жасалды.
Зерттеу респонденттері қаржы орталықтары алдағы бес жылда баса назар аударуы қажет басым бағыттарды да айқындады. Олардың қатарында бұлтты технологияларды, деректерді беруді және киберорнықтылықты қамтитын цифрлық инфрақұрылымды дамыту; финтех-компаниялар мен цифрлық активтер саласындағы бизнесті тарту; ақшаны жылыстатуға және қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жүйелерін нығайту; капитал нарықтарын одан әрі тереңдету бар.
Жаһандық рейтингтегі бірінші орнын Нью-Йорк сақтап қалды. Одан кейін Лондон, Гонконг және Сингапур орналасты. Алғашқы ондыққа Шанхай, Токио, Сеул, Шэньчжэнь, Дубай және Цюрих те енді.
GFCI рейтингі жылына екі рет жарияланады және қаржы орталықтарының бәсекеге қабілеттілігін бағалайтын негізгі халықаралық бағдарлардың бірі саналады. Зерттеуді Ұлыбританияның Z/Yen Group талдау орталығы China Development Institute (CDI) ұйымымен бірлесіп шығарады. Индексті жасау кезінде бизнес орта, қаржы секторының дамуы, инфрақұрылым, адами капитал және қаржы орталықтарының беделі бағаланады.
Астана GFCI рейтингіне алғаш рет 2018 жылғы наурызда енді, ал 2023 жылғы наурызда Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атанды. Қаланың позициясын нығайтуға құқықтық және реттеушілік ортаны, қаржы инфрақұрылымын, капитал және цифрлық активтер нарықтарын дамытып, халықаралық және өңірлік инвесторлар үшін мүмкіндіктерді кеңейтіп келе жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығы елеулі үлес қосуда.
АХҚО бизнеске қаржы құралдары мен халықаралық нарықтарға қол жеткізу мүмкіндігін, дауларды шешудің тәуелсіз жүйесін, халықаралық стандарттарға негізделген реттеуді және қаржы технологияларын дамытуға қажетті жағдайларды ұсынады. Орталық Астананың инвестиция тартуға, капитал қозғалысына және трансшекаралық жобаларды іске асыруға арналған өңірлік алаң ретіндегі рөлін нығайтуды жалғастыруда.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе.
Дереккөз: aifc.kz
2026 жылғы 10-11 қыркүйекте Алматы қаласында ресми дамуға көмек шеңберінде Даму саласындағы жаңа серіктестердің (Emerging Development Partners) үшінші отырысы және БҰҰ-ның Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастық күніне арналған семинар өтті. Іс-шараны БҰҰ Азия мен Тынық мұхитына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясымен (ЭСКАТО), Түркияның Ынтымақтастық және Үйлестіру Агенттігімен (TİKA) және Әзербайжанның Халықаралық даму агенттігімен (AIDA) ынтымақтастықта «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі ұйымдастырды.
Даму саласындағы жаңа серіктестердің бірінші және екінші отырыстарын ЭСКАТО 2024 жылы Индонезияда және 2025 жылы Колумбияда өткізген болатын. Алматыдағы отырысқа Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Латын Америкасының даму агенттіктері мен сыртқы істер министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ бақылаушы ретінде Орталық Азия елдері мен Моңғолия қатысты.
Іс-шара қатысушыларына құттықтау сөз сөйлеген «KazAID» Басқарма төрағасы Нұрғали Арыстанов өз тәжірибесімен, ресурстарымен бөлісіп, халықаралық дамуға көмекке үлес қосып отырған бірқатар дамушы елдердің негізгі серіктестер ретіндегі рөлі артып келе жатқанын атап өтті.
Отырыс барысында халықаралық дамуға көмек күн тәртібіндегі міндеттерді іске асыру, сондай-ақ Оңтүстік-Оңтүстік форматындағы ынтымақтастық және үшжақты өзара іс-қимыл мәселелері бойынша кеңінен пікір алмасылды.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар 2027–2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу үшін басым бағыттарды айқындады.
Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі – ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,
адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,
ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,
Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,
Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,
Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,
Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып,
төмендегіні мәлімдейміз:
Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.
Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.
Дереккөз: mfa.gov.kz
2026 ж. 29-30 қазанда Атырау қаласында Қазақстан Республикасының Халық әртісі Әзидолла Есқалиев атындағы VII «Алтын домбыра» халықаралық жеке домбырашылар және үш ішекті халық аспаптарында орындаушылар күй конкурсы өтеді.
«Алтын домбыра» халықаралық конкурсы – ұлттық музыкалық мұраны насихаттауға, күй өнерінің дамуына үлес қосуға және дәстүрлі музыка орындаушылары арасында шығармашылық байланыстарды нығайтуға бағытталған мәдени жоба. Байқау Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда ұйымдастырылады.
Құрметті отандастар!
Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатыр.
Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады.
Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз.
Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді. Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз.
Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады.
Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.
Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.
Дереккөз: akorda.kz