
Амман, 2025 жылғы 13 наурыз – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Иорданияның Инвестиция министрі Мусанна Гарайбемен кездесті.
Әңгіме барысында тараптар энергетика саласында, фармацевтикада және өзара қызығушылық тудыратын басқа да салаларда бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларына назар аударып, ағымдағы инвестициялық ынтымақтастықты талқылады.
Тараптар инвестициялық ағындарды жандандыру және іскерлік ынтымақтастықты ынталандыру үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Осы тұрғыда Елші екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды дамыту процесіне Иордания іскерлік қауымдастығын тартудың маңыздылығын атап өтті. Елімізде Қазақстан-Иордания Бизнес-форумын өткізудің орындылығына назар аударды. Сонымен қатар, М.Гарайбеге Астана халықаралық форумына (AIF-2025) шақыруды табыс етті.
Инвестиция министрі шақыруды ризашылықпен қабыл алып, Қазақстан және Иордания кәсіпкерлерінің қатысуымен іскерлік іс-шараны өткізуге қолдау білдірді.