
Амман, 2025 жылғы 28 қантар – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Иорданияның Өнеркәсіп, сауда және жабдықтау министрлігінің Бас хатшысы (Министрдің орынбасары) Дана Аз-Зуби ханыммен кездесті.
Өзара сұхбат барысында тараптар 2024 жылғы 10-11 желтоқсанда Амман қаласында өткен Қазақстан-Иордания сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 5-ші отырысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.
Екі ел арасындағы көліктік-логистикалық қатынастарды дамыту перспективаларына және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Иордания нарығына жеткізу проблемаларына ерекше назар аударылды.
Осыған байланысты Елші Бас хатшы Д.Аз-Зубиге және Министр Я.Әл-Кудаға қазақстандық бидай экспортының техникалық мәселелерін пысықтау үшін Қазақстан-Иордания жұмыс тобын құру бойынша көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, Елші ү.ж. 13 қаңтарда бейнеконференция режимінде өткен ҚР Ұлттық экономика министрлігі, Иорданияның Өнеркәсіп, сауда және жабдықтау министрлігі және екі елдің ауыл шаруашылығы министрліктері өкілдерінің бірлескен жиналысының нәтижелі болғанын атап өтті.
Бас хатшы іскер қоғамдастықты екіжақты экономикалық қатынастарды дамыту процесіне тартудың маңыздылығын атап өтіп, Елшілікке жоғары деңгейдегі алдағы сапарлар шеңберінде тиісті іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге жан-жақты жәрдем көрсетуге дайын екендігін мәлім етті.
Сұхбаттасушылар бірлескен жұмыс нәтижелеріне ризашылықтарын және өзекті міндеттерді әрі қарай табысты іске асыруға сенімдерін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды және тығыз жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісті.