Амманда Үкіметаралық комиссия өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді

Амманда Үкіметаралық комиссия өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді

Амман, 2024 жылғы 20 қазан – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Иорданияның жаңадан тағайындалған Өнеркәсіп, сауда және жабдықтау министрі Яруб Әл-Қудамен кездесті.

Елші Министрді тағайындалуымен құттықтап, жұмысының жемісті болуына тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүргізілудегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берді.

Кездесу барысында тараптар шарттық-құқықтық базаны, көлік-логистикалық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамытудың және іскерлік байланыстарды ынталандырудың ерекше маңызын атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Министр Я.Әл-Қуда иордан тарапының ү.ж. 10-11 желтоқсанда Амман қаласында Қазақстан-Иордания сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 5-отырысын өткізуге дайындығын растады (Қазақстан-Иордания ҮАК 4-отырысы 2016 ж. 7-8 қыркүйекте Астана қаласында өтті).    

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін білдіріп, жұмыс байланыстарын ұстануға уағдаласты.