
Амман, 2024 жылғы 10 шілде – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Иордания СІМ Cаяси және дипломатиялық мәселелер жөніндегі Бас хатшысы Маджид Әл-Қатарнеге сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті.
Сұхбаттасушылар екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі, атап айтқанда жоғары және аса жоғары деңгейдегі алдағы іс-шараларға дайындық мәселелері бойынша Қазақстан-Иордания ынтымақтастығын одан әрі дамыту және нығайту жөнінде пікір алмасты.
Тараптар Газа секторындағы ахуалды және Хашимит Корольдігінің атысты дереу тоқтату және анклавқа гуманитарлық көмекті үздіксіз жеткізу жөніндегі күш-жігерін талқылады.
Иордания дипломаты Қазақстанның Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі күш-жігерін, сондай-ақ Қазақстанның Палестина босқындарына көмек көрсету және жұмыстарды ұйымдастыру үшін БҰҰ Таяу Шығыс агенттігіне (БАПОР) көрсеткен қолдауын жоғары бағалады.
М.Әл-Қатарне тағайындалуына орай Т.Шалданбайды құттықтап, оның Иорданиядағы дипломатиялық қызметінің табысты болуына тілектестік білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайындықтарын білдірді, сондай-ақ жұмыстық байланыстарды ұстануға келісті.