Амман, 2024 жылғы 21 ақпан – Қазақстан Елшісі Айдарбек Тұматов Иордан Хашимит Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің Саяси және дипломатиялық мәселелер жөніндегі бас хатшысы Мажид Әл-Қатарнемен кездесу өткізді.
Әңгіме барысында тараптар Газа секторындағы жағдайды және Иордания тарапының анклавта атысты дереу тоқтату мен гуманитарлық көмекті үздіксіз жеткізу жөніндегі күш-жігерін талқылады.
Иордания дипломаты Қазақстанның Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсету және қазақстандық азаматтарды Газа секторынан үйлесімді эвакуациялау жөніндегі күш-жігерін, сондай-ақ еліміздің Палестиналық босқындарға көмектесу және жұмыстарды ұйымдастыру үшін БҰҰ Таяу Шығыс агенттігіне (БАПОР) көрсеткен қолдауын жоғары бағалады. Сонымен қатар М. Әл-Қатарне Иордания тарапы үшін өте маңызды болып табылатын Сириядағы әскери-саяси және гуманитарлық ахуалды тұрақтандыруға ықпал ететін Астана процесінің кезекті раундын өткізгені үшін Қазақстан Үкіметіне алғысын білдірді.
Сұхбаттастар елдер арасындағы екіжақты қатынастарды дамытудың өзекті мәселелерін және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды қозғады. Сондай-ақ Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Иордания үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысына дайындық мәселелері қаралды. Сонымен қатар аса жоғары және жоғары деңгейлерде екіжақты сапарларды ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар талқыланған барлық мәселелерге сәйкес тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендігін білдіріп, жұмыс байланыстарын қолдауға келісті.