
Амман, 2024 жылғы 6 ақпан – Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі Айдарбек Тұматов Иорданияның Атом энергетикасы жөніндегі комиссиясының төрағасы Халед Туканмен кездесті. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы атом энергетикасы және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығың, сондай-ақ тәжірибе алмасу, оның ішінде Иорданиядағы уран кен орындарын игеру және пайдалану жөніндегі перспективаларды талқылады.
Иорданиялық тарап қазақстандық сарапшылардың біліктілігін жоғары бағалады және «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясымен және Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығымен тікелей ынтымақтастық орнатуға мүдделі екендігін білдірді.
Аммандағы Қазақстан-Иордан үкіметаралық комиссиясының алдағы отырысы шеңберінде екі елдің уәкілетті ұйымдарының ынтымақтастығы туралы тиісті меморандумға қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.