
А.ж. 12 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы 9 маусымда орын алған президенттік сайлау қорытындылары бойынша сенімді жеңіске жетіп, Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне ресми кіріскеніне бір жыл болады. Өзінің жарияланған басымдықтарға сәйкес ол мемлекеттік саясаттың нақты желісін құрып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев анықтаған стратегиялық бағыттың сабақтастығын қамтамасыз етті. Қазақстандық мемлекеттің басшысы елді жаңа даму жолына шығаруға арналған саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді ілгерілету бойынша елеулі жұмыстар атқарды, 500-ден астам нормативтік-құқықтық актілерге қол қойды.
Мемлекет пен билік өкілдеріне халықтың сенімін нығайту мақсатында Қасым-Жомарт Тоқаев «халық үніне құлақ асатын мемлекет», «әртүрлі көзқарас – бір ұлт», «күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» секілді жаңа ішкі саяси парадигмаларды жариялады. Белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, экономистер мен зиялы қауым өкілдері кіретін Қоғамдық сенім ұлттық кеңесін құру президенттік күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болды. Ұлттық кеңестің жұмысы саяси, әлеуметтік және экономикалық салаларда жүзеге асырылып, оның қарауына мемлекеттің дамуына байланысты ең өзекті және өткір мәселелер ұсынылады. Қазақстан басшысы қоғаммен сұхбаттасуға және мемлекеттің дамуын анықтайтын шешімдерді бірлесіп әзірлеуге шынайы ынтасын көрсетіп келеді. Президенттің қатысуымен өткен бірнеше отырыстардың нәтижесі бойынша бейбіт жиналыстар, сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға әсер ететін маңызды саяси реформалар пакеті әзірленіп, қабылданды. Азаматтарға уәкілетті органдардың ашық виртуалды қабылдау бөлмелері және әлеуметтік желілері арқылы оларға өздерін толғандыратын мәселелердің барлығына жедел жауап ала отырып, тікелей сұрақтар қоюға мүмкіндік берілді. Әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы бола отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі болып жатқан оқиғаларды бақылап, оларға баға беріп отырады (Twitter-де 1000-нан астам жарияланым тіркелген).
Қазақстан Президенті халықтың жекелеген сегменттерінің де, жалпы қоғамның да әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырды. Елімізде көп балалы аналарға, мүгедек балалары бар отбасыларға, жетім балаларға, асыраушысынан айрылған отбасыларға – барлығы 500 мыңнан астам адамға несиелік амнистия жарияланды. Осылайша, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтар қарыздарынан босатылады. 2020 жылдың басынан бастап студенттердің стипендиялары, педагогтар, азаматтық қорғау және құқық қорғау органдары қызметкерлері секілді мемлекеттік сектор қызметкерлері жалақылары өсті. Қазақстандық халықтың басына түскен дағдарыс жағдайлары тиімді мемлекеттік шаралар мен Қазақстан Президентінің жеке бақылауының арқасында сәтті шешіліп жатыр. Атап айтқанда, 2019 жылдың маусымында елдің оңтүстігінде орналасқан 75 мың адамдық Арыс қаласындағы ескі әскери қоймалардың жарылысынан қаланың инфрақұрылымы іс жүзінде қираған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қала 3 айда жаңадан қалпына келтірілді. 2020 жылдың мамыр айында Өзбекстанмен шекаралас аймақта үлкен су тасқыны орын алғанғандықтан, сол жерже орналасқан қазақстандық елді мекендерден 31 мыңнан астам адам көшіріліп, жергілікті халыққа қолдау көрсетілді және инфрақұрылымды жедел қалпына келтіру жұмыстары басталды. Коронавирустың таралуына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай және 2 айға созылған толық карантин енгізді. Бүгінде ел пандемиядан аз шығынмен шығып, біртіндеп қалпына келуде.
Президенттіктің алғашқы күндерінен бастап Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметіне экономикалық өсуді ынталандыру, кәсіпкерлікті дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау, салық-бюджет және ақша-несие саясатын жетілдіру бойынша шаралар кешенін әзірлеуге тапсырма берді. Атап айтқанда, елдің Ұлттық банкі қайта ұйымдастырылып, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі құрылды. Ел басшысы мемлекеттік бюджеттің кіріс жағын қалыптастыруға, Қазақстан экономикасының энергия экспортына тәуелділігін азайтуға, қаржылық алаяқтықпен күресудің ашық интеграцияланған базасын құруға баса назар аударды. Бір жыл ішінде ол еліміздің аймақтарына жасалған жұмыс сапарларын қоса алғанда жүздеген ресми және хаттамалық іс-шараларға қатысты, еңбек ұжымдарымен өткізілген кездесулерді қоса алғанда көптеген даму мәселелері бойынша отырыстар мен жиналыстар өткізді, өндірістік кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарға барды.
Пандемиядан туындаған жаһандық экономикалық дағдарыс және шикізатқа әлемдік сұраныстың төмендеуі Қазақстан экономикасына әсер етті. Жалпыжаһандық теріс тенденцияға қарамастан, елімізде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық қажетті ресурстар бар. Атап айтқанда, бүгінде Қазақстанның халықаралық резервтері 30 млрд. долларды құраса, елдің Ұлттық қорының активтері 58 млрд. доллардан асады. Сонымен бірге, мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру үшін жағдай жасауға және мұнай-газ секторына шамадан тыс тәуелділіктен арылуға көмектесетін экономиканы ынталандыру жөніндегі шаралар кешенін алға жылжытуда. Еуропалық қайта құру және даму банкінің бағалауы бойынша 2020 жылы елдің ЖІӨ-і 3%-ға төмендейді деп күтілуде, дегенменде, қабылданған экономикалық шаралар кешенінің нәтижесінде халықаралық экономистер 2021 жылы экономикалық өсімнің 5,5% деңгейінде қалпына келуін болжайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының рухани құндылықтарына, мәдени мұраны, ұлттық кодты сақтау мен жетілдіруге, атап айтқанда, қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абай Құнанбаевтың және Шығыс ойшылы Әл-Фарабидің мерейтойларын атап өтуге үлкен мән берді. Ол қазіргі заманғы әдеби туындыларды шығару және шығармашыл жастарды қолдау қажеттілігі туралы айтты.
Барлық негізгі геосаяси орталықтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңісін мойындап, олардың елдің тұрақты және орнықты дамуына мүдделілігін көрсетті. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің көпвекторлы сыртқы саяси бағытын жалғастырып, шетелдік серіктестермен түрлі іс-шараларға қатысты және басқа елдердің мемлекеттік және қоғам қайраткерлерін қабылдады, сондай-ақ, Ресейге, Қытайға, АҚШ-қа, ЕО, Орталық Азия елдеріне және ислам әлемі мемлекеттеріне ресми және жұмыс сапарларымен барды.
Осы жыл ішінде Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің 2030 жылға дейінгі басымдықтарын айқындаған жаңа сыртқы саясат тұжырымдамасы қабылданды. Құжатта шетелдік серіктестермен сындарлы ынтымақтастық, халықаралық серіктестік пен аймақтық интеграцияны ілгерілету, жаһандық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бастамалар секілді Қазақстанның дәстүрлі сыртқы саяси бағыттарынан бөлек жаңа екпіндер аталып көрсетілді. Жаңа тұжырымдамада сыртқы саясаттың экономикалық компонентін нығайтуға көп көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, санкциялар, әлемдік нарықтардың болжамсыздығы, сауда соғыстары мен протекционизм жағдайларында Қазақстанның экономикалық әлеуетін іске асыру және әлемдік нарықтарға тиімді транзиттік дәліздерді табу мақсатында сыртқы ахуалды құру мәселесі өзекті болып отыр. Жаңа жаһандық геоэкономикалық ақиқатта Қазақстан жаңа экономикалық тауашаларды және табыс көздерін іздестіруде.