
Бағдат, 2023 жылғы 10 қыркүйек – Қазақстанның Ирактағы Елшісі Айдарбек Тұматов Ирак Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Фуад Хусейнмен кездесті.
Елші Ирак Премьер-Министрінің орынбасарын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидалары, оның ішінде саяси өзгерістер, сондай-ақ республиканың бәсекелестік артықшылықтарын тиімді пайдалануға бағытталған жаңа экономикалық бағыт туралы хабардар етті.
Кездесу барысында тараптар сонымен қатар екіжақты саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен мүмкіншіліктерін егжей-тегжейлі талқылады. Екі елдің көлік-транзиттік бағыттарын дамыту қажеттілігі мен байланыстыру мүмкіндігі атап өтілді. Қолда бар алғышарттарды ескере отырып, тараптар мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мүмкіндігін белгіледі. Сұхбаттасушылар өсіп келе жатқан тауар айналымының оң динамикасын қанағаттанушылықпен атап өтті. Сонымен қатар, Елші Қазақстанда Ирак туристері санының артқаны туралы хабарлады. Министр іскерлік алмасу мен туризмді дамытуға ықпал ететін шарттық-құқықтық базаны кеңейту жөніндегі ынтымақтастықтың дайындығын белгіледі. Сондай-ақ, Министр ағымдағы жылдың 21 қыркүйегіне жоспарланған АӨСШК кеңесіне қатысуға дайын екенін растады.
Кездесу соңында Фуад Хусейн Қазақстанның Бағдаттағы Елшілігінің ашылуына байланысты серпінді ынтымақтастықты жалғастыруға үміт білдірді.